19.04.2026
553358069_18283594093285785_2049298390878699310_n

Шымкент қаласындағы емханалардың бірінде тұрғындардың медициналық сауаттылығын арттыру мақсатында Денсаулық мектебі аясында кезекті тақырыптық кездесу өтті. Бұл жолы сабақ артериялық гипертензия (қан қысымының жоғарылауы) және жүректің ишемиялық аурулары (ЖИА) тақырыбына арналды.

Іс-шараны емхананың терапия бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі дәрігер Сариева Айдын Әуесхановна өткізді. Ол қатысушыларға артериялық гипертензияның белгілері, себептері, алдын алу жолдары және дұрыс өмір салтының маңыздылығы туралы жан-жақты ақпарат берді.

Айдын Әуесхановнаның айтуынша, тыныштық күйінде қан қысымы 140/90 мм сынап бағанасынан жоғары болса, бұл – артериялық гипертензияның белгісі. Бұл жағдай адам ағзасындағы жүрек пен қан тамырларына артық жүктеме түсіріп, инсульт, инфаркт, бүйрек жеткіліксіздігі сияқты күрделі асқынуларға алып келуі мүмкін.

«Көп адамдар өздерінде артериялық гипертензия бар екенін ұзақ уақыт бойы білмей жүреді. Аурудың “үнсіз өлтіруші” деп аталуы да осыдан. Сол себепті қан қысымын үнемі өлшеп отыру – аса маңызды профилактикалық шара», — деді дәрігер.

Сабақ барысында дәрігер пациенттерге артериялық гипертензия кезінде ұстануға тиіс ережелерді түсіндірді:

Қан қысымын күніне кемінде 2 рет өлшеу (таңертең және кешке);

Тұзды, майлы тағамдардан бас тарту, көкөніс пен жеміс-жидекке бай диета ұстану;

Темекі мен алкогольден бас тарту;

Дене белсенділігін арттыру – күніне 30 минут жаяу жүру немесе жеңіл жаттығу;

Стресті басқару, ұйқыны қадағалау (кемінде 7-8 сағат);

Дәрігер тағайындаған дәрілерді үзбей қабылдау.

Денсаулық мектебі – созылмалы аурулармен ауыратын азаматтарға бағытталған ақпараттық-ағарту платформасы. Мұндай мектептерде пациенттер аурудың табиғатын, оны қалай бақылауға болатынын және өмір сапасын қалай жақсартуға болатынын үйренеді.

«Біздің мақсатымыз – науқастарға тек ем-дом көрсетіп қана қоймай, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру. Артериялық гипертензия – басқаруға болатын дерт. Тек дәрігер нұсқаулығын ұстанып, күнделікті режимге мән беру қажет», — деді Айдын Әуесхановна.

Кездесуге келген тұрғындар дәрігердің дәрісін үлкен қызығушылықпен тыңдап, өздерін мазалаған сұрақтарына жауап алды. Олар мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да қатысуға ниетті екенін білдірді.

Артериялық гипертензия – бүгінде әлем бойынша кең таралған дерттердің бірі. Дегенмен, оны ерте анықтап, дұрыс басқару арқылы өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға болады.

Шымкент қалалық №6 емхана ұжымы бұдан әрі де тұрғындарға арналған түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, халықтың денсаулығын нығайтуға бар күшін салатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, емханада Денсаулық мектебі тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Қатысу – тегін. Денсаулығыңызға бейжай қарамаңыз – келіп кеңес алыңыз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *