22.04.2026
medstrakhovka

Шымкент, 2025 жылғы қазан — Шымкент тұрғындары арасында «сақтандырылдым» деп ойлап, емхана табалдырығында тосылған жағдайлар жиілеп отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, кейбір азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне дұрыс емес төлем жасап, нәтижесінде сақтандырылған мәртебесінен айырылады. Бұл жағдай медициналық қызметтерді тегін алу құқығын жоғалтуға әкеледі.

МӘМС мәртебесін алу ережелері

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес, азаматқа сақтандырылған мәртебе өткен немесе алдағы 12 айға төлем жасаған жағдайда беріледі. Дегенмен, жүйеге алғаш рет төлем жасайтын дербес төлеушілер арасында жиі қателіктер кездеседі.

Шымкенттегі Қордың ресми өкілі Забира Оразалиева:
— «Дербес төлеушілер көбіне 12 айлық төлемді бір айға төлеп қояды немесе төлем жасау кезінде жыл мен айды дұрыс көрсетпейді. Мысалы, тек биылғы жылдың қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін ғана төлем жасап, толық бір жылға жарна аудармағандықтан, мәртебесін ала алмай жатады. Негізі төлемдер бір жылдық кезеңге жеке-жеке ай сайын төленуі тиіс. Егер қателік болса, ақшаны қайтарып алу мүмкіндігі бар, ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш беру қажет», — дейді ол.

Төлем мерзімін дұрыс таңдау маңызды

Оразалиева сонымен қатар ағымдағы айдың соңына жақындаған кезде төлемді келесі айдан бастап жасауға кеңес береді. Мысалы, 2025 жылдың қыркүйегінен бастап 2026 жылдың тамызына дейін төлем жүргізсеңіз, сіз бір жыл бойы МӘМС жүйесінде сақтандырылған болып саналасыз және медициналық қызметтерді тегін ала аласыз.

Жұмыс беруші мен қызметкерлердің үлесі

Шымкентте жұмыс берушілер мен қызметкерлердің МӘМС жүйесіне төлем үлесі жоғары. Мәселен, жұмыскерлердің еңбек демалысы немесе ұзақ уақыт ауырған жағдайында сақтандыру мәртебесін жоғалтпау үшін жеке төлем жүргізу қажеттілігі туындайды.

— «Егер қызметкер ұзақ мерзімді курста оқыса немесе ұзақ уақыт ауырып жатса, сақтандыру мәртебесін жоғалтпау үшін сол айға жеке төлеуші ретінде аударым жасауы керек», — деп ескертеді Қор өкілі.

Тұрақтылық үшін жаңа норма енгізіледі

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде тұрақты қатысуды қамтамасыз ету үшін маңызды жаңалық енгізіледі. Егер азамат 5 жыл бойы тұрақты жарна төлесе, төлем жасай алмаған кезеңі 6 айға дейін сақтандырылған мәртебемен қамтылады. Ал МӘМС жүйесіне 5 жылдан кем қатысқандар үшін бұл мерзім әлі де 3 айға тең.

Бұл өзгеріс Шымкенттегі тұрақты түрде жүйеге қатысып келе жатқан, бірақ уақытша қиындықтарға тап болған азаматтарға қолдау болады.

Медициналық көмекке қол жеткізу жолдары

Шымкент қаласындағы емханаларда сақтандырылған мәртебесін алу және МӘМС жүйесіне қатысты туындаған сұрақтар бойынша «Пациенттерді қолдау қызметі» қызмет етеді. Сондай-ақ, Қордың мына электронды арналары арқылы да өтініштер мен шағымдар қабылданады:

msqory.kz ресми сайты,

Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы,

Telegramдағы SaqtandyryBot.

Шымкент тұрғындарына МӘМС жүйесінде мәртебені дұрыс алу үшін төлемдерді мұқият және уақытында жүргізу өте маңызды. Бұл медициналық қызметтерді сапалы және тегін алу құқығын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қордың қолдау қызметтері мен цифрлық платформалары тұрғындарға төлем жасау және мәртебені растау мәселелерінде қолдау көрсетуді жалғастыруда.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *