23.04.2026
Иассы (2)
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров 2025 жылдың бірінші жарты жылдығына жоспарланған кестеге сәйкес Иассы ауыл округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ауыл округінің әкімі Сыздық Пирметов биылғы алғашқы бес айда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша, ауыл округінің жылдық бюджеті толық көлемде игеріліп, салық түсімдері 25,3 млн теңгеге жетті. 138 адам жұмыспен қамтылып, 106 адамға әлеуметтік көмек көрсетілді.
1329 гектар егістік жер толық игеріліп, 13 мың тоннадан астам мал азығы дайындалды. Ауыл шаруашылығы кооперациясына және кәсіпкерлікке бағытталған жобалар шеңберінде 149,7 млн теңге инвестиция тартылып, жылыжай, мал бордақылау алаңдары мен өндірістік нысандардың құрылысы басталды. Ауыз су жүйесін жетілдіру мен көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Кездесу барысында тұрғындар ауыз су сапасы мен қысымының төмендігі, үй салуға жер телімдерінің жетіспеушілігі, жол бойына бақылау камераларын орнату, мобильді байланыс антеннасын орнату, электр қуатының әлсіздігі және трансформатор қажеттілігі, сондай-ақ ішкі жолдардың жағдайы секілді мәселелерді көтерді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кездесуде тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдарын тыңдай келе: «Көтерілген әр мәселе – ауыл тұрғындарының күнделікті тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды сұрақтар. Біз бұл ұсыныстарды назарға алып, нақты шешу жолдарын қарастырамыз. Мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялар арқылы ауылдың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасын табады», – деді.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *