23.04.2026
су (2)

Ескі Иқан ауыл округіне қарасты Мәшһүр Жүсіп елдімекенінің тұрғындары ауызсудың сапасына алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселені шешу үшін жергілікті билікке жүгінді. Тұрғындардың айтуынша, судың сапасы төмендеп, ішуге жарамсыз болған.

Осы жағдайға байланысты аудан әкімі Мақсат Таңғатаров елдімекенге арнайы барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Қазіргі уақытта мұнда 120 үй орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Дегенмен, су сапасына қатысты түскен шағымдардан кейін аудан әкімдігі шұғыл әрекетке көшті.

Мәселені шешу үшін су жүйесіне арнайы тазалағыш фильтр орнатылып, ауыз судың сапасын арттыру жұмыстары жүргізілді. Қазірдің өзінде сүзгіден өткен су тұтынуға жарамды күйде тұрғындарға берілуде.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бұл мәселені жеке бақылауына алып, барлық қажетті инфрақұрылымдық шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.

 

Жалпы, аудан әкімдігінің  мәліметінше, Сауранда 14 елдімекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде 12 елдімекен тәулігіне 24 сағат сумен қамтылды. Олар – Қазақстанның 30 жылдығы, А.Үсенов, Жүйнек, Қарашық, Шаға, Нұртас, Шойтөбе, Бершінтөбе, Достық, Қаражон, Құмтиын, Қосқорған ауылдары.

Ал биыл Игілік, Егізқара елдімекендерін ауызсу жүйесімен қамтамасыз ету бағытындағы құрылыс жүруде. Сонымен қатар, Шорнақ, Қосмезгіл, Ескі Иқан, С.Қожанов елдімекендерінің тұрғындар жаңадан қоныстанған аумақтарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында да құрылыс жүргізіледі.

Аудан бойынша Жүйнек, Ибата, Абай, Еңбекші Дихан елдімекендерінің тұрғындар халық жаңадан қоныстанған аумақтарын тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Сондай-ақ, Бабайқорған, Үлгілі, Серт елдімекендеріндегі ауызсу тарату орталықтарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджет тарапынан қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *