19.04.2026
68dbc9797db65

АИТВ инфекциясын ерте анықтау және оның анадан балаға берілуін тоқтату – қазіргі заманғы медицинаның ең маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағытта жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестерін міндетті түрде АИТВ инфекциясына тексеруден өткізу – ана мен баланың денсаулығын сақтауда шешуші рөл атқарады.

АИТВ-ның анадан балаға берілуін, яғни вертикальды берілуін тоқтату мақсатында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығы бойынша жүкті әйелдер 2 мәрте, ал олардың жыныстық серіктестері 1 рет міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс. Жүкті әйелдердің алғашқы тексерісі жүктіліктің басталу кезеңінде, екінші рет 28-30 апта аралығында жүкті әйел есепке алынған кезде жүзеге асады. Жыныстық серіктестер үшін бір реттік тексеру жүкті әйелді есепке алу кезінде міндеттелген.

Шымкент қаласында 2025 жылдың қыркүйек айында 8 айдың қорытындысы бойынша АИТВ инфекциясына тексеру көрсеткіші төмен болып тұрған 3 мемлекеттік және 15 жекеменшік медициналық мекемеде ЖИТС орталығы мамандары арнайы семинар ұйымдастырды. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестерін уақытылы және сапалы тексеру жұмыстарын жетілдіру, сондай-ақ медициналық қызметкерлерге міндетті тексеру тәртібі мен әдістерін толық түсіндіру болды.

Семинар барысында қатысушыларға Шымкент қаласы бойынша АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы таныстырылды. Медициналық көмектің ролі мен жүкті әйелдерді есепке алу кезіндегі АИТВ талдауларын жүргізу тәртібі егжей-тегжейлі қаралды. Сонымен қатар, жыныстық серіктестерді міндетті тексеру механизмдері мен жүкті әйелдің медициналық айырбастау картасына тиісті мәліметтерді дұрыс және толық енгізу талаптары талқыланды.

Осылайша, медицина қызметкерлері тексерудің маңыздылығын және құқықтық регламенттерді нақты меңгерді. Бұл өз кезегінде ана мен бала денсаулығын қорғаудағы жұмыстың сапасын арттыруға зор ықпал етеді.

«Sunkar Premium» ЖШС медицина орталығының эпидемиолог дәрігері Салтанат Назарметова өзінің ойымен бөлісті:
«Біз жүкті әйелдермен жақсы жұмыс істейміз, алайда олардың жыныстық серіктестерін тексеруге қатысты әлі де мәселелер бар еді. Енді семинар барысында тексеру жолдары, құжатқа енгізу тәртібі және бұйрық талаптары бізге нақты түсінікті болды. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз!»

АИТВ инфекциясына уақытылы және сапалы тексеру жүргізу — ана мен бала денсаулығын сақтаудағы ең маңызды профилактикалық шаралардың бірі. Шымкент қаласында осындай семинарлар мен мақсатты жұмыстардың арқасында медициналық қызметкерлердің біліктілігі артып, инфекцияның вертикальды берілу қаупі айтарлықтай төмендейді. Бұл халықтың денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылады және алдағы уақытта да одан әрі дамытылмақ.

АИТВ-ның анадан балаға берілуін болдырмау – бұл тек медициналық қызметкерлердің ғана емес, сонымен бірге қоғам мен әрбір отбасының жауапкершілігі. Сондықтан жүкті әйелдер мен олардың серіктестері уақтылы тексеруден өтіп, қажетті ем-шараларды алу арқылы өз денсаулығы мен балаларының өміріне қамқорлық жасауы қажет.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *