ҚР Еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі 70 жылдық мерейтойына орай Түркістан қаласында гастрольдік іс-сапармен келді. Өнер ұжымы сапар аясында «Би керуені» жобасы негізінде концерт өткізеді. Бұл туралы ҚР «Салтанат» би ансамблінің директоры Елубай Кенжеалиев мәлімдеді.
«Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің көркемдік жетекшісі, Халықаралық конкурстардың лауреаты Қуанышбек Төлеген, бас балетмейстер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Әбдікәрімқызы, халықаралық конкурстардың лауреаты, балетмейстер Талғат Ахметовтың қатысуымен мастер-класстар ұйымдастырылады. Шеберлік сағаттарында «Халық сахналық биі», «Қазіргі заманның қазақ биі» тақырыптарында арнайы дәріс беріледі. Дәріске қатысқан әр қатысушыға тегін сертификат табысталады. Концертте қазақтың әндері мен күйлері де шырқалады. Кеш қонақтары – ҚР Мәдениет қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері, әнші Өмірқұл Айнязов және ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші Рахат Сарсенов арнайы өнер көрсететін болады»-деді өнер ұжымының басшысы.
Сондай-ақ, брифинг барысында ҚР «Салтанат» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген сахнада орындалатын билердің түрлері туралы баяндады.
Өнер ұжымы 70 жыл бойы ұлтымыздың би мұрасын насихаттап келеді. Репертуарында әлем халықтарының қойылымдары да бар. Ансамбль қоржынында 150-ден астам би бар. Шоқтығы биік ұжым концерт бағдарламасымен Қазақстанның түкпір‑түкпірін аралап, шетелге де гастрольге жиі шығады.
«Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің тарихы өте терең. Мұнда белді-белді тұлғалар қызмет етті. Сол саңлақтардың салып кеткен сара жолын үлгі етіп, бізге қалдырған мұрасын өркендетуге үлес қосуға ниеттіміз. Ансамбль 1955 жылы Қазақ КСР-і ән-би ансамблі болып ашылды. Арнайы Мәскеудің тапсырмасымен ансамбльді Украина КСР-іне еңбек сіңірген әртісі Лидия Чернышева келіп құрды. 11 жылдан кейін 1967 жылы оркестр және хор ашылды. Бастапқыда биші ұлдар мен қыздарды ел арасынан жинаған. Мұнда Шара Жиенқұлова да биледі. Ол Мәскеуде өткен студенттер мен жастардың дүниежүзілік фестивалінде жеңімпаз болып, үлкен танымалдыққа жетті. Сөйтіп, бүкіл Кеңес Одағына шығармашылық концертін қойып, кейін Ұлыбритания, Франция, Болгария, Италия, Түркия, Ресейде, Қытайда өнер көрсетті. Би өнерінің хас шеберлері қазір де шетелдіктерді таңдай қақтырып жүр. Бұл жерде қазақтың ғана емес, өзге ұлттың билері де бар. Қазақ биін қалыптастыруда, жалпы, «Салтанаттағы» көптеген бидің өмірге келуіне халық әртісі, қазақ балет әртісі Зәуірбек Райбаевтың қосқан үлесі зор. Ол кісі бірнеше уақыт би тобының жетекшісі, директоры болып қызмет атқарды. «Сылқыма», «Асатаяқ», «Қазақ рапсодиясы», «Биші қайың» секілді біраз биді репертуарға, алтын қорға енгізді. Ансамбль хордың жанды даусына, оркестрдің сүйемелдеуіне биледі. Алайда 1989 жылы белгілі бір себептермен оркестр мен хор жабылды. Сөйтіп, мәртебесі мемлекеттік ән-би ансамблінен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі болып өзгерді. Кәсіби балетмейстер болып Дәурен Әбіров сияқты өнер майталмандары еңбек етті. Тоқсаныншы жылдары ансамбльден мықты-мықты бишілер кетіп, тоқырауға ұшыраған уақыттар да болған.
«Жетпіс жылдық тарихы бар ансамбльдің репертуарында түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің билері бар. Концерттік бағдарламада әлем халықтарының билері және қазақтың ұлттық билері ұсынылады. Орыс, ұйғыр, татар, кәріс, қытай, өзбек, тәжік, моңғол және тағы басқа ұлттардың би қойылымдарын және әр елдің салт-дәстүрін, мәдениетін көрермендер тамашалай алады»-деді спикер