19.04.2026
туб

Туберкулез – туберкулез микобактерияларының (ТМБ, Коха таяқшалары) әсерінен болатын инфекциялық ауру.

Инфекцияның негізгі таратушысы – сөйлегенде, түшкіргенде және жөтелген кезінде айналасына туберкулез микобактерияларын (ТМБ) тарататын, өкпе туберкулезінің ашық түріне шалдыққан науқас адам. Тыныс алғанда тамшылар адамның өкпесіне енеді. Адамның иммунитеті мықты болса ағзаға түскен микобактериялар дерт тудырмайды, ол жағдай ағзаның жұқтыру кезеңі деп аталады. Ауа жалпыға ортақ болғандықтан, ешкім туберкулез микобактерияларын жұқтыру жағдайынан сақталмаған.

Туберкулез киім, кітап, ыдыс-аяқ, жиһаз және басқа да дүниелер мен заттар арқылы жұқпайды. Науқастан тараған туберкулездің жұқпалы бөлшектерін жұту қаупі нашар желдетілетін үй-жайларда, халық көп орналасқан орындарда (жатақханалар, түрме камералары, үйсіз жандарға арналған баспана, босқындар лагерлері және т.б.) адам тола жиналған жағдайларда арта түседі.

Індетке шалдыққан көп адамдардың өкпесінде лимфа түйіндерінде және басқа да мүшелерінде қорғаныс реакциялары қалыптасады, сол себепті ауру одан әрі асқынбайды. Індет жұқтырған адамдар дерт (көзі) таратушы болып табылмайды, себебі індет жұқтыру дертке шалдығу болып табылмайды. Туберкулез микобактериялары жылдап, тіпті ондаған жылдар бойы адам ағзасында болып, зиян келтірмейтін жағдайлар да болады. Жұққан індет ағзадағы қорғаныс күштері әлсіреген жағдайда дертке ұласады (бұған күнкөріс жағдайының тым нашарлауы, жеткіліксіз тамақтану және дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, шылым тарту, ішімдік ішу, басқа да аурулар – АИТВ, қант диабеті, нашақорлық факторлары әсер етуі мүмкін). Індет жұқтырған адамдардың 5-10% ғана туберкулезге шалдығу қаупіне ұшырайды.

Дәрігерлер туберкулезге күдік туған жағдайда қажет тексерулер (ТМБ қақырық сараптамасы, кеуде клеткасы рентгенографиясы, қан сараптамасы) жүргізеді, науқастың бойында қандай туберкулез: сезімтал немесе дәріге көнбейтін туберкулез екенін анықтайды, ем шарасын белгілейді. Және науқаспен кеңесе отырып оның ауруханада (стационар) немесе үйде (амбулоториялық) емделгені жөн екенін таңдайды.

Туберкулезбен сырқаттанған адам тегін емделеді. Қазіргі уақытта емнің тиімділігін арттыратын туберкулезге қарсы дәрілер бар. Індеттен толық айығу үшін ең бастысы – дәрілерді ем аяқталғанша үздіксіз қабылдау.

Туберкулезге шалдықпау үшін салауатты өмір салтын сақтау, спортпен шұғылдану, толыққанды тамақтану, шылым тартудан, ішімдіктен, наркотиқалық заттардан бас тарту керек.

Фируза Қонаева,

Шымкент қалалық №4 емхананың

Жалпы тәжірибелі дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *