Қаратау ауданының аумағында⠀орналасқан №80 IT мектеп- лицейінде сарапшылар мен тұрғындар ашық диалог алаңында бас қосты. Ондағы мақсат — жаңа Конституция аясындағы конституциялық шешімдер мен құқықтық реформаларды жан-жақты талқылау болды.
Пікір алмасу барысында алдағы референдумның тарихи маңызы айтылды. Сарапшылар негізгі заңда адал еңбек ететін әр азаматтың әлеуметтік қорғалу құқығы кепілдендірілгенін атап өтті. Олардың айтуынша, бұл басымдық әділеттілік қағидатына толық сай келеді.
Жиында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Дархан Балажанов өз ой-пікірін білдірді. Ол заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берді. Қолданыстағы Конституцияға не себепті өзгеріс қажет екенін түсіндіріп берді.
— Жаңа Конституция — заман талабы. Қоғам бір орында тұрған жоқ. Демек, өзгеріс те керек болды. Жаңа сұраныстар, жаңа талаптар, жаңа көзқарастар пайда болды. Бұрынғы Ата Заңымызды 13 адам жазса, жаңа Конституциялық реформаның жобасын еліміздің барлық өңірінің түрлі әлеуметтік топтары мен өкілдерінен құралған комиссияның 130 мүшесі жасап шықты. Бұл — барлық саладағы мәселелерді назарға ала отырып, ұсыныстарды ескеріп, соған сай заң жобалары енгізілгенінің дәлелі, – деді спикер Д.Балажанов.
⠀
Сондай-ақ, ол Ата заңға енгізілген Вице-президент лауазымы туралы да сөз етті.
— Вице-президент қызметі әлемнің 70-тен астам елінде бар. Енді біздің еліміз де аталған қызмет түрін енгізіп, дамытпақ.⠀Бұның бәрі еліміздің дамып, әлемдік аренадағы өз орнын нақтылау үшін жасалып жатқан шаралар, – деп түйіндеді Д.Балажанов.