19.04.2026
WhatsApp Image 2025-10-04 at 19.27.59

Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында балалар өлім-жітімі мен аурушаңдығын төмендетуге бағытталған маңызды семинар ұйымдастырылды. Оған қалалық емханалардың дәрігерлері, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының жетекші мамандары қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – қазіргі кездегі балалар арасында таралған аурушаңдықтың алдын алу жолдарын талқылау және балалар өлім-жітімін азайтуға бағытталған тиімді әдістерді енгізу мәселелерін қарастыру болды.

Іс-шараға Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының «Ана мен бала денсаулығын сақтау бөлімінің» басшысы Глазебная И.М., Қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері, штаттан тыс педиатр Д.А.Жұмаділова, сондай-ақ түрлі салалардағы штаттан тыс бас мамандар мен қала емханаларының дәрігерлері қатысты. Бұл мамандар қазіргі балалар арасында жиі кездесетін аурулардың түрлері мен себептерін, сондай-ақ олардың алдын алудың ең тиімді жолдарын сараптады.

Балалар аурушаңдығы мен өлім-жітімі: өзекті мәселелер

Семинар барысында балалардың аурушаңдығы мен өлім-жітімінің төмен деңгейде болуына кедергі келтіретін факторлар жан-жақты талданды. Қатысушылар инфекциялық аурулардың, созылмалы сырқаттардың, жарақаттардың және әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың балалар денсаулығына әсері туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, аурушаңдықтың алдын алудағы вакцинация, дұрыс тамақтану, экологиялық факторлардың маңызы кеңінен сөз болды.

Д.А.Жұмаділова балаларды емдеуде жаңа заманауи әдістер мен технологияларды қолдану қажеттілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, педиатриялық көмекті жетілдіру арқылы балалар арасында ауыр асқынулар мен өлім-жітімнің алдын алуға болады.

Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Глазебная И.М. жан сақтау бөлімінде емделіп жатқан ауыр науқастарға қатысты тәжірибесін бөлісті. Ол сондай-ақ, балалардың өмірін сақтап қалудағы кешенді медициналық және психологиялық қолдаудың маңыздылығын айтты. Глазебная И.М. семинарлардың түрлі тақырыптарда жүйелі түрде өткізіліп тұруының тиімділігіне назар аударып, мұндай шаралардың дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, соңғы медициналық жаңалықтар мен тәжірибелермен танысуға септігін тигізетінін жеткізді.

Балалар өлім-жітімі мен аурушаңдығын төмендету — қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Қалалық балалар клиникалық ауруханасында өткізілген бұл семинардың маңызы зор, себебі ол тәжірибе алмасуға, білімді жаңартуға және заманауи әдістерді енгізуге ықпал етеді.

Алдағы уақытта да осындай кездесулерді жиі ұйымдастырып, балалар денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді шараларды дамыту жоспарлануда. Бұл — өңірдегі балалардың өмір сүру сапасын жақсартып, олардың денсаулығын нығайтуға үлкен серпін береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *