19.04.2026
волейбол_(2)

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы волейбол жоғары лигасының ерлер командалары арасындағы ХХХІІІ чемпионаты мәресіне жетті. Биылғы чемпионатқа елімізден 9 команда қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Рухани шаһарда V тур плей-офф ойындары өтті. Апта бойы өзара мықтыларын анықтаған волейболшылар бәсекесінің нәтижесінде жеңімпаздары мен жүлдегерлері белгілі болды.

Плей-офф ойындарында еліміздің төрт командасы бас жүлдеге таласты. Бұл сында Түркістан облысының «Тұран», Өскеменнің «Берел», Шымкенттің «Шымкент», Қызылорданың «Қайсар» командалары тартысқа толы ойындар өткізді. Қорытындысында ақтық сынға «Тұран» мен «Қайсар құрамалары жолдама алып, екі жеңіске дейін ойын алаңында жеңіс үшін бар күш-жігерлерін ортаға салды.

Тартысты өткен ойында тұрандықтар қарсыластарын екі күн қатарынан айқын басымдықпен ұтып, қатарынан үш дүркін ел чемпионы атанды, өз жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйлады. Ал Қызылорданың «Қайсар» құрамасы 2 орынды иеленсе, Өскеменнің «Берел» командасы чемпионаттың қола жүлдесін еншіледі. Сондай-ақ, Шымкент қаласының командасы чемпионатты төрттікпен аяқтады.

Клуб тарихында волейболшыларымыз жоғары лига бәсекелерінде 3 рет чемпиондық тұғырдан көрінді. Бұл ретте білікті мамандар команданың бас бапкері Юрий Тютин мен Дархан Көшербаевтың ерен еңбегін айтып өтуіміз керек.

Тұрандық волейболшылар бұл тамаша жеңісін облыс жұртшылығы мен барша жанкүйерлеріне арнады. Өңір мерейін асқақтатқан жерлестерімізді облыстық спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, федерация басшысы Айдос Сұлтанов, «Тұран» спорт ойын түрлері клубының» директоры Сабыржан Бөлтіріков құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Енді тұрандықтар Ұлттық лигада өнер көрсетеді.

Жеңіс құтты болсын, жерлестер!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *