Бұл сапар – аудан тарихында айтулы оқиға. Сауран ауданына Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы арнайы іссапармен келді. Халықаралық ынтымақтастықты нығайту, бауырлас елдер арасындағы мәдени-экономикалық байланысты дамыту және тәжірибе алмасу мақсатындағы бұл сапар – аудан тарихында айтулы оқиға. Делегация құрамында Хасан Кылча (әкім), Фахри Солак (Түркі әлемі муниципалитеттер одағының бас хатшысы), Мевлют Канат пен Омер Бюйүкгекер (қалалық мәслихат депутаттары), Мустафа Яйлажы (әкімнің орынбасары), Жихат Канйылмаз (әкім кеңсесінің атқарушы көмекшісі) және Майрам Байгонушева (ТВВ-ның сыртқы байланыстар жөніндегі маманы) болды. Кездесу барысында қос тарап екі ел арасындағы достық қарым-қатынас, мәдени және экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ әкімшілік басқарудағы тәжірибе алмасу жайын сөз етті. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров делегацияны Сауран өңірінің әлеуетімен, инвестициялық жобаларымен, тарихи-мәдени мұрасымен кеңінен таныстырды. Түркі әлемі муниципалитеттер одағы делегациясының Сауран ауданына жасаған бұл сапары халықаралық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды. Қос тараптың өзара тәжірибе алмасуы, бір-бірімен тиімді әріптестік орнатуға ниетті екендігін көрсетіп, болашақтағы түрлі жобаларға жол ашты. Аудан басшысының бастамасымен ұйымдастырылған бұл кездесу Сауранның әлеуетін халықаралық қауымдастыққа таныстырумен қатар, бауырлас халықтар арасындағы тарихи байланыстарды жаңа мазмұнда жалғастыруға ықпал етті.
Мәртебелі меймандар Сауран қалашығына арнайы барды
Сауран ауданына іссапармен келген Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы өңірдің тарихи інжу-маржаны – көне Сауран қалашығына арнайы барды. Мәртебелі меймандар XII-XVIII ғасырларда өмір сүрген, Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі мәдени-экономикалық орталықтардың бірі болған көне шаһардың орны мен архитектуралық құрылымымен танысты.
Сауран – қазақ даласындағы бірегей қорғаныс жүйесімен ерекшеленетін, сыртқы дуалмен қоршалған көне қалалардың бірі. Қала өз заманында саяси, сауда және қолөнер орталығы болып қана қоймай, рухани әрі мәдени өмірдің де маңызды нүктесі болған. Бұл – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан аумағындағы ортағасырлық өркениеттің асыл мұрасы.
Қонақтарға тарихи орынмен танысудан бөлек, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетімізді ұлықтауға бағытталған арнайы бағдарлама ұсынылды. Киіз үй тігіліп, кең дастархан жайылып, қазақтың қонақжайлығы паш етілді. Бүгін Сауранға келген Түркі әлемі делегациясы көне қалашықпен танысып, халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық өнерін, қонақжайлығын көзбен көрді. Түркі дүниесіне ортақ ұлттық ойындардың бірі – садақ ату жарысы ұйымдастырылды. Меймандар бұл көріністерден үлкен әсер алып, қазақ халқының рухани байлығы мен дәстүрге деген құрметіне жоғары баға берді.
Осындай шаралар арқылы Сауран жұрты ортақ түркі құндылықтарын сақтау мен насихаттау ісіне өз үлесін қосып келеді. Бұл — ұрпақ санасына рухани сабақтастықты сіңірудің және ел бірлігін күшейтудің жарқын көрінісі. Киіз үй, ұлттық тағамдар – бәрі түркі дүниесінің ортақ құндылықтарын біріктірді. Бұл – тарихты құрметтеу, бауырластықты бекемдеу және келешекке рухани көпір салу жолындағы маңызды қадам. Сауран – мәдени мұра мен ынтымақтастықтың тоғысқан мекені!