19.04.2026
241727191_4988772731138495_2360058288748471366_n

2025 жылдың алғашқы алты айында Бірыңғай дистрибьютор еліміздің өңірлеріне жалпы құны 322 миллиард теңгені құрайтын 1,1 миллиард дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды уақтылы жеткізді. Айта кетейік, 2025 жылға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу көлемі жалпы 510 миллиард теңгені құрайды.

Бүгінде «СҚ-Фармация» еліміз бойынша 1200-ден астам стационарды және 700-ге жуық емхананы дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіп отыр. Ағымдағы жылы компания 1551 атау дәрілік зат пен медициналық бұйым сатып алып, жалпы сомасы шамамен 529 млрд теңгені құрады. Бұл ретте алдын ала үнем – шамамен 63 млрд теңге болды.

«Біздің жұмысымыз – өзіміздің аймақтық қоймаларымыз болмаған жағдайда серіктестік қуаттылықтар арқылы тиімді жеткізу тізбегін құру. Мұның бәрі түпкілікті нәтижеге әсер етеді. Бүгінде компанияның логистикалық үдерістерін жетілдіру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда: еліміздің медициналық ұйымдарына жеткізу бағыттары оңтайландырылуда, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мақсатында жұмыс қарқыны реттелуде, тиімді әрі ресурсты үнемдейтін логистикалық тізбек қалыптастырылуда. Біз күн сайын жеткізулерге бақылау жүргіземіз, өтінімдер мен өңірлердің нақты қажеттілігіне сәйкес бөлу жоспарын жасаймыз. Иә, жүйеде әлі де «олқылықтар» бар екенін мойындаймыз, бірақ оларды жою үшін барынша күш салып жатырмыз. Осы мақсатта жұмыс істеу парадигмасы өзгеруде. Бұрын басымдық жеткізу кестесін қатаң сақтау болса, енді медициналық ұйымдардың нақты тұтынуына қарай жеткізу жүйесі қалыптасуда. Біз болжау, икемділік және қамтамасыз ету сапасы басты фактор болатын «ақылды» логистикаға көшудеміз», – деді «СҚ-Фармация» ЖШС-нің Басқарушы директоры Руслан Нұрмұханов.

Дәрілік заттарды бөлудің тиімділігін арттыру мақсатында, нақты тұтыну мен медициналық ұйымдардағы қалдықтарды ескере отырып, жөнелту көлемдерін түзету арқылы, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Тамара Дүйсенованың тапсырмасы бойынша 1 шілдеден бастап Бірыңғай дистрибьютор амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Пилоттық жоба аясында Бірыңғай дистрибьютор дәрі-дәрмектерді медициналық ұйымдардағы орташа айлық тұтыну көлемі мен нақты қор деректеріне сүйене отырып жөнелтеді. Болашақта медициналық ұйымдардағы дәрілік заттар көлемі орташа екі айлық қордан аспайды деп жоспарлануда.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлудің тиімділігін арттыруға ұйымдастырушылық шаралар да ықпал етуде. Мысалы, Басқарма төрағасының Ақмола облысына жұмыс сапарынан кейін жөнелту кестелері қайта қаралды. Енді барлық өңірлерде жеткізілімдер айдың екінші онкүндігінде орталықтандырылған түрде қалыптастырылады. Бұл тапшылық қаупін азайтып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Шымкент қаласындағы «Зерде ҮЕҰ» ЖШС-нің логистикалық хабында болған кезде, медициналық ұйымдардың шектеулі жұмыс кестесіне байланысты қабылдау кезінде туындайтын проблемалар анықталды. Бұл жеткізілімдердің кешігуіне және қосымша шығындарға алып келген. Осы мәселелерді шешу үшін бағыттарды оңтайландыру, қуаттылықты арттыру және қабылдаудың екі кезеңді режимін (08:00-20:00) енгізу тапсырылды. Қабылданған шаралар логистиканың тұрақтылығын арттырып, үзіліс тәуекелдерін төмендетті.

2024 жылдың шілде айынан бастап Қазақстанда барлық дәрілік заттарға міндетті цифрлық таңбалау енгізілгендігін атап өткен жөн. Бұл жүйе арқылы Бірыңғай дистрибьютор қандай дәрі-дәрмектің жеткізілгенін және олардың қай жерде орналасқанын бақылап отырады. Мұндай тәсіл жеткізілімдердің кідіріс қаупін болжауға және уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Таңбалау басталған сәттен бастап Бірыңғай дистрибьютор 84 миллионнан астам таңбаланған дәрі-дәрмек қаптамасын сатып алды. Оның ішінде 12 миллионнан астамы – импорттық дәрілер, ал 72 миллионнан астамы – отандық өнімдер. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 39 миллионнан астам, ал стационарларға арналған – 45 миллионнан астам қаптама қабылданды.

«СҚ-Фармация» сондай-ақ логистикалық үдерістердің барлық кезеңін қамтитын мониторинг жүйесін енгізуде, ол келесі мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:

жеткізу тізбегінің барлық кезеңдеріндегі ашықтық – жеткізушіден пациентке дейін;
логистикадағы «олқылықтарды» жою;
тауардың қозғалысын «жеткізуші – хаб – өңірлік қойма – медициналық ұйым – пациент» тізбегі бойынша бақылау.
Бірыңғай дистрибьютордың алдағы жоспарлары:

деректерді кросс-тексеру және бұзушылықтарды анықтау үшін дәрілік заттарды таңбалау жүйесімен біріктіру;
қызметтерді автоматты тексеру мен жеткізу маршруттарды оңтайландыруға арналған жасанды интеллект элементтерін енгізу;
құжат айналымын жеделдету үшін логистикалық операторлардың IT жүйелерімен біріктіру.
Біз енгізілген өзгерістерден оң нәтиже күтеміз – бұл медициналық ұйымдарды дәрілік заттармен үзіліссіз және уақытылы қамтамасыз ету, дәрі-дәрмектердің ел бойынша біркелкі бөлінуі және пациенттердің қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға кепілдендірілген қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *