Созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулармен тіркелген азаматтар Қазақстанда тегін немесе жеңілдікпен дәрі-дәрмек алу құқығына ие. Бұл мүмкіндік Кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында қарастырылған. Алайда, осы жүйелер шеңберінде дәрі-дәрмектердің қалай берілетіні туралы көпшілік толық білмейді. Бұл мәселеге нақтырақ тоқталған МӘМС Қоры басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Тәжібаева жүйенің жұмыс істеу тәртібі мен дәрі-дәрмектің қолжетімділігі туралы түсіндірме берді.
Емханаларда қандай дәрі-дәрмек тегін беріледі?
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы №75 бұйрығына сәйкес, арнайы тізім бекітілген. Бұл тізімге әлеуметтік маңызы бар 80-ден аса ауру мен оларды емдеуге арналған 370-тен астам дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар кіреді. Тізім жыл сайын жаңарып отырады. 2019 жылмен салыстырғанда аурулар саны 44-тен 84-ке дейін артса, дәрілік заттар саны 249-дан 372 позицияға дейін көбейген.
Шымкент қаласындағы тұрғындар бұл жүйенің игілігін тікелей көруде. Мысалы, қаладағы барлық емханалар мен ауруханалар “СК-Фармация” ЖШС арқылы қажетті дәрілермен қамтамасыз етіледі. Пациенттер диспансерлік есепке тұрған жағдайда, рецепт арқылы өз емханасындағы дәріханадан дәріні тегін немесе жеңілдікпен ала алады.
Қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді
2025 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 262,95 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде:
ТМККК пакеті бойынша – 226,6 млрд теңге,
МӘМС аясында – 36,4 млрд теңге.
Бұл қаражаттың басым бөлігі онкологиялық және сирек кездесетін ауруларға арналған, себебі мұндай диагнозға қажетті препараттардың бағасы өте жоғары (кейде бір ғана дәрі миллион теңгеден асады).
2025 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша:
ТМККК шеңберінде 1,4 млн-ға жуық пациентке – 131,7 млрд теңгеге дәрі-дәрмек берілген. Бұл – 49 ауру бойынша 5,4 млн рецепт;
МӘМС жүйесі арқылы 1,26 млн адамға – 18,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек берілген. Бұл – 53 ауру бойынша 4,8 млн рецепт.
Салыстырар болсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш ТМККК бойынша 215,3 млрд теңгені, ал МӘМС бойынша 30,9 млрд теңгені құраған болатын.
Шымкенттегі науқастар дәріні қалай алады?
Шымкент қаласының тұрғындары тегін дәрі-дәрмек алу үшін ауру диагнозы расталған соң диспансерлік есепке тұруы қажет. Бұл үшін учаскелік немесе бейінді дәрігерден тексеруден өтіп, тиісті анықтамалар мен құжаттарды рәсімдеу керек.
Пациент дәрігерден электрондық рецепт алып, өзінің тіркелген емханасындағы дәріханаға барады. Дәріні тек өзі ғана ала алады, сондықтан жеке куәлік көрсету міндетті. Рецепт бойынша дәрі бірден болмаса, бірнеше күн ішінде жеткізілуі тиіс.
Егер дәрі ұзақ уақыт бойы берілмесе немесе қолжетімсіз болса:
СК-Фармация call-орталығына – 1439 нөмірі арқылы қоңырау шалуға болады;
Немесе:
eOtinish платформасы,
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы,
@SaqtandyryBot Telegram бот,
msqory.kz сайты арқылы шағым жолдауға болады.
Қоғамдық бақылау және ашықтық
Шымкент қаласында амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі жергілікті медициналық ұйымдардың, Денсаулық сақтау басқармасының және Қордың бақылауында. Емханалардағы дәрі-дәрмектің жеткізілімі мен таратылуы бойынша есептер тұрақты түрде тексеріліп, ай сайын мониторинг жүргізіледі.
Шымкент қалалық ауруханаларында тіркелген онкологиялық, диабет, бронхиалды астма, жүрек-қан тамырлары, ревматоидты артрит және басқа да әлеуметтік маңызы бар аурулармен тіркелген азаматтар қажетті дәрілік заттарды тегін алу мүмкіндігіне ие.
Шымкент қаласы бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі қарқынды дамып келеді. ТМККК және МӘМС пакеттері арқылы әлеуметтік маңызы бар дерттерге шалдыққан азаматтар сапалы және уақытылы ем алуға қол жеткізуде. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қолдаудың көрінісі.