2025 жылғы 8 тамызда Шымкент қалалық перинаталдық орталығында ауыр диагнозбен туған шақалаққа күрделі хирургиялық ота жасалды. Бұл – жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық көмектің жарқын көрінісі.
Жаңа туған шақалақ туа біткен ішек ақауымен жарық дүниеге келген. 41 аптаға жеткен мерзімінде, 3450 грамм салмақта дүниеге келген сәби ауыр халде туылып, дереу реанимациялық көмекке мұқтаж болды. Шақалақтың жағдайын жедел бағалаған мамандар шұғыл түрде хирургиялық араласу қажет екенін анықтап, бір сәтке де уақыт жоғалтпай операция жасауға шешім қабылдаған.
Ота сәтті өтіп, 1,5 сағатқа созылған. Операция барысында неонаталды хирургия саласындағы ең озық әдістер қолданылып, жоғары білікті мамандар тобы жұмылдырылды. Ең бастысы – бұл медициналық қызметтің барлығы ата-аналар үшін тегін, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүргізілді.
Қазіргі уақытта нәресте арнайы медициналық құрылғылардың көмегімен дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Оның өмірлік маңызды функциялары жіті қадағаланып, қажетті емдік шаралар толық көлемде көрсетілуде.
Шымкент қалалық перинаталдық орталығының неонатолог-реаниматологы Ағзат Шолпанқұлованың айтуынша, бұл жағдай – шұғыл әрі жоғары деңгейлі медициналық көмектің қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді:
«Нәресте ішек ақауының ауыр патологиясымен дүниеге келді. Диагностикалық тексерулер нәтижесінде дереу ота жасау қажеттілігі туындады. Бүгінде сәби реанимациялық бөлімшеде. Болашақта ол тұрақты дәрігерлік бақылауда болып, қалпына келтіру шаралары жалғасады. Мұндай күрделі неонаталды операциялар көптеген балалардың өмірін сақтауға мүмкіндік береді», – дейді маман.
Перзентхана базасында заманауи реанимациялық және қарқынды терапиялық көмек көрсететін бөлімше жұмыс істейді. Бұл бөлімде шала туған немесе ауыр жағдайдағы жаңа туған нәрестелерге тәулік бойы күтім көрсетіледі. Асқазан-ішек жолдары мен басқа да ішкі ағзаларға жасалатын операциялардан кейінгі кезеңде нәрестелерге ерекше күтім мен бақылау жүргізіледі.
МӘМС – өмірлік маңызы бар медициналық көмектің кепілі
Мұндай күрделі медициналық көмектің ата-аналар үшін тегін көрсетілуі – МӘМС жүйесінің тиімділігін дәлелдейді. Жоғары технологиялы операциялар мен реанимациялық көмектердің сақтандыру жүйесі арқылы қолжетімді болуы – көптеген ата-аналарға үміт сыйлап, сәбилердің өмірін сақтап қалуға жол ашады.
Мамандардың айтуынша, неонаталды хирургия бағытын перзентханаларда жүйелі дамыту – ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты тетіктерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар нәресте өлімін азайтып, елдегі перинаталдық көмектің сапасын арттыруға үлес қосуда.
Шымкент қалалық перинаталдық орталығының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері дәл осы медициналық мекемеде ішкі ағзаларында ақауы бар 30-ға жуық сәбиге күрделі операция жасалған. Бұл – орталықтағы медициналық технологиялардың, кәсіби кадрлардың және тиімді ұйымдастырылған жүйенің нәтижесі.
Сәби өмірі – баға жетпес құндылық. Медициналық технологиялардың дамуы, білікті мамандардың табанды еңбегі мен әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі – осы құндылықты сақтауға мүмкіндік беруде. Шымкенттегі жасалған ота – бұл тек бір отбасының үмітін қайта жандырған оқиға емес, сонымен қатар отандық медицинаның әлеуетін көрсететін маңызды жетістік.