Шымкент қаласында тағы бір адамның өмірі ақ халатты абзал жандардың жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында аман қалды. Қалалық №2 көпбейінді аурухананың дәрігерлері 79 жастағы ауыр халде жеткізілген қарияға жедел түрде күрделі медициналық көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды.
Оқиға 2025 жылдың 12 қыркүйегінде орын алған. Науқас үйінде отырып, тамақ ішіп отырған сәтінде аяқ астынан сөйлей алмай, денесінің сол жақ бөлігінде жансыздану пайда болып, есінен танып қалған. Жақындарының жедел әрекетімен дереу жедел жәрдем шақырылып, қария қалалық №2 аурухананың инсульт бөліміне жеткізілген.
Медициналық тексеру барысында дәрігерлер шұғыл түрде компьютерлік томография мен бірқатар зерттеулер жүргізіп, аса күрделі диагноз қойды. Науқастың сол жақ ұйқы артериясы сағасы 90%-ға дейін тарылып кеткені анықталды. Бұл — кез келген сәтте миға қан құйылуы мүмкін деген сөз. Яғни, инсульттің алдында тұрған өте қауіпті жағдай.
Науқастың жағдайын жылдам бағалаған нейрохирург-дәрігерлер эндоваскулярлы шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдады. Бұл әдіс — қазіргі медицинадағы ең заманауи, аз инвазивті (кесіп тікпейтін) тәсілдердің бірі. Ота барысында арнайы құрылғы арқылы ұйқы артериясының ішіне стент орнатылып, қан ағымы толық қалпына келтірілді.
«Ота сәтті өтті. Қан айналымы қалпына келіп, науқас ота үстінде есін жиып, сөйлеу қабілетінен бастап, қозғалыс мүмкіндігіне дейін қайта қалпына келтіре бастады. Қазір жағдайы тұрақты», – дейді ота жасаған дәрігерлер.
Бұл жағдай дәрігерлердің жоғары кәсіби шеберлігін, медициналық мекеменің техникалық жарақтандырылу деңгейін, сондай-ақ уақытылы медициналық көмек көрсетудің маңыздылығын дәлелдейді.
Айта кетейік, Шымкент қалалық №2 ауруханасында инсультке қарсы күресте қолданылатын озық әдістер белсенді түрде енгізіліп жатыр. Эндоваскулярлы оталар, стент орнату, тромболизис сынды инновациялық тәсілдер нәтижесінде жыл сайын жүздеген адамның өмірі мен денсаулығы аман сақталуда.
Дәрігерлер қарт кісілер мен тәуекел тобындағы адамдарға өз денсаулығына жіті мән беріп, әсіресе жоғары қан қысымы, жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті сынды дерттері бар болса, жоспарлы тексерулерден өтіп тұруға кеңес береді. Себебі инсульт – алдын алуға болатын, алайда кеш анықталса, орны толмас жағдайға әкелетін дерт.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау жүйесіндегі мұндай жетістіктер – отандық медицинаның даму жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Егер сіз немесе жақындарыңызда жоғарыда сипатталған белгілер байқалса – дереу жедел жәрдем шақырған абзал. Себебі әрбір минут маңызды.