19.04.2026
3.1

Шымкент қаласында жедел жәрдем станциясының 103 «Call» орталығы да жұмыс істеп тұр. Халықаралық стандартқа сай 103 қызметіне түсетін қоңыраулардың барлығын диспетчерлер орталықта қабылдап, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылай алады.

Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының базасында орналасқан ситуациялық орталықтың жұмысы да жанданып келеді. Бұл орталық денсаулық сақтау саласында төтенше жағдайларды басқарудың тиімді тетігі болып саналады. Бұл халыққа жедел және сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

– Қала бойынша Ситуациялық талдау орталығы жұмыс істей бастады. Барлық емханаларда жедел жәрдем кабинеттері ашылды. Орталықта төрт маман жұмыс істейді. Әрқайсысының өзіне жүктелген бағыттары бар: бірі – емхана қызметінің сапасын бақыласа, екіншісі – стационарлық қызмет пен жедел жәрдем қызметінің сапасын және ана мен бала денсаулығы бойынша көрсетілетін қызметті қадағалайды. Сондай-ақ, барлық мәліметтерді жинақтап, қорытындылайтын тағы бір маманымыз бар, – дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының медициналық қызмет сапасын бақылау және стратегия бөлімінің басшысы Серік Әбдіқұлов.

Ситуациялық орталықтың индикаторлары үш кезеңге бөлінген: күнделікті, апталық және айлық. Соның арқасында дәрігерлерді шақыру деректері мен науқастарға уақытылы, сапалы қызмет көрсетілуі тұрақты түрде бақылауда болады.

Шұғыл медициналық көмек сапасын жақсартудың бірден-бір жолы – білікті кадрларды даярлау. Осы орайда станция базасында симуляциялық оқу орталығы да жұмыс істейді. Оқу орталығында 100-ден астам муляж бен жаттықтыру құрылғылары орнатылған. Мұнда ересектер мен балаларға, жүкті әйелдерге және жарақат алған науқастарға алғашқы көмек көрсету дағдылары үйретіледі. Симуляциялық жабдықтар халықаралық стандарттарға сай және автоматты режимде жұмыс істейді. Мұндағы жедел жәрдем қызметі санитарлық автокөлікте көмек көрсетудің нақты жағдайларына толық сәйкес модель арқылы жабдықталған. Бұл – жедел жәрдем көлігінің оқу-жаттығу үлгісі.

– Қала халқы жылдан-жылға көбейіп келеді. Қазіргі таңда Шымкентте 108 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Қалада 10 бекет бар, олардың 4-інде филиалдар орналасқан. Биыл тағы 7 бригада қосылмақ. Сонымен қатар, биыл төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, 5 елді мекенде мобильді модульдік ғимараттар салынады. Бұл ғимараттарда 2-3 жедел жәрдем бригадасы үздіксіз кезекшілік етеді. Бұл – қала тұрғындарына уақытылы және сапалы көмек көрсетуді арттырады. Қазіргі уақытта біз 4 санат бойынша жұмыс істейміз. Сенбі күні сағат 12:00-ден кейін және жексенбі күні тәулік бойы жұмыс істейміз. Ал, жұмыс күндері сағат 8:00-ден кешкі 19:00-ге дейін емханалардың 4-санаты бізге көмектеседі, – дейді қалалық жедел жәрдем көрсету стансасының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекова.

Станцияның автокөліктерінің барлығы 100 пайыз медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Станция автопаркінде республикада баламасы жоқ 4 орындық санитарлық автокөлік бар. Ол жаппай оқыс жағдайлар кезінде шақыртуларға барып, шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Жақында Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев заманауи орталық жұмысына оң бағасын берді.

Осынау жетістіктерді одан әрі еселей түсу үшін жақында Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жетілдіруді, халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды көздейтін «Денсаулық сақтауды өңірлік дамытудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» қабылданды. Ресми деректерге сүйенсек, бағдарлама ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және Ұлттық ғылыми орталықпен бірлесіп дайындалып, Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Бағдарлама аясында заманауи қалалық перинаталдық орталық, 2 көпбейінді аурухана және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5 жаңа емхана салу көзделген. Сондай-ақ, Шымкент жоғары медициналық колледжі заманауи виртуалды симуляциялық жабдықтармен және тренажерлік кешендермен жабдықталып, білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндік ашылады.

Медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – басты назарда. Қалада балалардың семіздігін қадағалау (COSI), мектеп оқушыларының денсаулыққа қатысты мінез-құлқы (HBSC), ересектер арасында темекі тұтынуды зерттеу (GATS) сынды ауқымды халықаралық зерттеулер жүргізіледі. 87 мектепте стоматологиялық кабинеттер ашылып, жүкті әйелдерді прегравидалды даярлау жұмыстары күшейтіледі. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының жанынан «Ахуалдық талдау орталығы» ашылып, барлық емханаларда «Шұғыл медициналық көмек бөлмелері» құрылады. Пациенттерді тиімді маршруттауға мүмкіндік беретін 31 құзыреттілік орталығы, 2 скринингтік орталық және 2 амбулаториялық онкологиялық көмек орталығы ашылады.

«Бағдарламадан 2029 жылға қарай қала тұрғындарының күтілетін өмір сүру ұзақтығын 79,1 жасқа дейін арттыру, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 60 пайызға дейін жеткізу, медициналық қызметтерге халықтың қанағаттануын 80 пайызға дейін арттыру сияқты нәтижелер күтеміз» – дейді сала мамандары.

Алда Шымкент жоғары медициналық колледжі заманауи виртуалды симуляциялық жабдықтармен, тренажер кешендерімен, интерактивті жүйелермен жабдықталатын болады. Еліміздің 13 жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық жоғары технологияларды енгізуге, күрделі хирургиялық операцияларды жүргізуге, медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік береді, ол Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы мен ҒЗИ, ҒО арасында меморандумдарға қол қоюмен бекітілді.

Сондай-ақ, даму және ерте араласу орталықтары құрылып, әмбебап-прогрессивті патронаж моделі енгізіледі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары аясында денсаулық сақтау саласына инвестицияны арттырып, цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары, робототехника сынды заманауи бағыттарды қамтиды. Медициналық ұйымдардың 95 пайызы Ұлттық аккредитациядан өтуді көздейді. Шымкенттің денсаулық сақтау жүйесі Алматы және Астананың жетекші орталықтарының деңгейіне көтеріледі деген үміт зор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *