19.04.2026
6882332f7bee5

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылмақ. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Шалхар Шеримов пен қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бахытжан Абдуллаев бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесіп, МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер жөнінде жан-жақты түсіндірді. Кездесуде медицина саласына қатысты өзекті мәселелер мен МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары кеңінен талқыланды. МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді қызмет етуі және халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету үшін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылмақ. Атап айтқанда, жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ), қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ. – Бұл шара МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ әрі теңдей бөлу қағидатын іске асыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты МӘМС жүйесінің жылдық табысы шамамен 200 миллиард теңгеге ұлғайып, медициналық қызмет сапасын арттыруға қосымша қаржы бөлінетін болады, – деді ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Шалхар Шеримов. Кездесу барысында кәсіпкерлер мен денсаулық сақтау саласының өкілдері арасында ашық диалог орнап, тараптар жүйені жетілдіруге қатысты ұсыныстарын да ортаға салды.Қазіргі уақытта халықтың 83%-ы сақтандырылған. Алайда шамамен 3,3 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.

Үкіметтің 2024 жылғы 7 шілдеде өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырған болатын. «Әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға аударымдар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс», деген еді Президент.

Осыған байланысты халықты МӘМС жүйесімен барынша қамтуға мүмкіндік беретін жаңа шаралар қабылданды. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады.

Осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ.

Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамту мәселелерінде әкімдіктердің жауапкершілігін арттырады. Өңірлер жұмыс орындарын құруға, кедейлікті азайтуға және халықты жұмыспен қамту бойынша белсенді шаралар қабылдауға ынталы болады.

Жарна төлеуде үзіліс болған жағдайда сақтандыру мәртебесін сақтау

МӘМС жүйесінде медициналық көмекті үздіксіз алу үшін жаңа норма енгізілді. Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады (бұған дейін бұл мерзім 3 ай болатын).

Мәселен, азамат бірнеше жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеп, жарналарын уақтылы төлеп келсе, бірақ кейін жұмысынан айырылып, табыссыз қалған жағдайда оған МӘМС аясында медициналық қызмет көрсетіледі. Алайда кейін сол айлардағы берешекті өтеу қажет болады.

Бірыңғай пакетті қалыптастыру

Мемлекет басшысы 2024 жылғы Жолдауында азаматтардың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Бірыңғай медициналық көмек пакетін» жасауға ерекше назар аударған болатын.

Қабылданған өзгерістерге сәйкес, онкологиялық скринингтер 2026 жылдан бастап ТМККК тізіміне өтеді және МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Сондай-ақ, 8 әлеуметтік мәні бар ауруға (туберкулез, АИТВ, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт) күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады. Бұған дейін мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана ұсынылатын.

2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді. Аталған аурулар тізбесіне бауыр аурулары; қан мен қан түзуші ағзалар аурулары; жоғарғы асқорыту жолдарының аурулары; инфекциялық емес энтерит пен колит; артропатиялар, дорсопатиялар; қалқанша безі аурулары; қуық асты безінің гиперплазиясы; сүт безінің қатерсіз дисплазиясы; әйелдердің жыныс мүшелерінің қабынусыз аурулары; бронхөкпе дисплазиясы; жүректің туа біткен ақаулары; даму ақаулары жатады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *