19.04.2026
6878ffdfcd37e

2025 жылдың алғашқы айларында 329 870 адам сақтандырылмаған болса, бес айдың ішінде бұл көрсеткіш 56 925 адамға азайды. Шымкент қаласында халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқын алуда. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер мен медициналық сақтандыру аясында атқарылған жұмыс туралы өткен брифингте мәлім етті. 2025 жылдың алғашқы айларында 329 870 адам сақтандырылмаған болса, бес айдың ішінде бұл көрсеткіш 56 925 адамға азайды. Осы нәтижелер жүйелі ақпараттық жұмыстар мен салааралық өзара іс-қимылдың көрсеткіші деуге болады. Соңғы дерек бойынша, қала халқының саны – 1 271 228 адам. Оның 1 033 736-сы, яғни 81,3%-ы сақтандырылған, ал 237 492 адам (18,7%) әлі де сақтандырылмағандар қатарында қалып отыр. Бұл – маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осал әлеуметтік топтар үшін медициналық сақтандыру жарнасын жергілікті бюджет есебінен төлеу қажеттігін атап өтті. Соған сәйкес, қала әкімдігі мен емханалар сақтандырылмаған тұрғындармен тығыз жұмыс жүргізуде. 2025 жылғы 18 маусымнан бері жүргізілген үздіксіз жұмыстың нәтижесінде 6 434 адам сақтандырылды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі денсаулық сақтау – ұлттық қауіпсіздік пен адами капитал сапасының негізі. Осы орайда, ақпараттық түсіндіру шараларын күшейтіп, азаматтардың өз мәртебесін тексеріп, жүйеге қосылуын қамтамасыз ету – басты басымдық болып отыр.
Жарна есептеу шегінің өзгеруі

Халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы.

Осыған байланысты, 2026 жылғы қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылады:

· Жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ),

· Қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ.

Бұл — бастапқыда ұсынылған 50 ЕТЖ орнына қабылданған келісімді шешім, яғни жүйенің тұрақтылығын сақтай отырып, салық жүктемесінің шектен тыс өсуіне жол бермейді.

Аталған өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ және теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Осы шараның нәтижесінде МӘМС жүйесінің табысы жылына шамамен 200 млрд теңгеге артады деп күтілуде.

Мемлекет жарнасының мөлшерлемесін арттыру

Заңнамаға сәйкес, мемлекет МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар санаттарға жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл жарналар республикалық бюджеттен бөлініп, балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер және тағы басқа 15 санаттағы азаматтардың медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді.

Қазақстанда МӘМС жүйесіне төленетін жарналар мен аударымдардың мөлшері ең төмен деңгейде – 2025 жылы 2%. Салыстырмалы түрде, басқа елдерде бұл көрсеткіш 9–14,5% аралығында. Жүйені бастапқы жобалау кезінде жарна мөлшерлемелері жоғарырақ болып жоспарланған, алайда жүйе іске қосылған кезде олар едәуір төмендетілген еді.

Алайда «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізіліп, МӘМС жүйесінде қосымша міндеттемелердің қосылуына байланысты жүйенің қаржылық жүктемесі күрт өсіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылуда:

· 2027 жылы – 2,2%,

· 2037 жылға дейін – 4,7%-ға дейін біртіндеп өсіру.

Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *