23.04.2026
2025_07_19_crop-23_14_852x1132_med-baghdarlama.docx-foto-002

2024 жылы Шымкент қаласының медицина саласында жүйелі жұмыстар атқарылып, халық саулығын жақсартуда оң нәтижелерге қол жеткізілді. Денсаулық сақтау ұйымдарының техникалық базасы жаңартылып, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды.
2024 жылы медициналық ұйымдардың 56%-ы Ұлттық аккредитациядан өтіп, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артты. Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мақсатында бес пилоттық жоба іске қосылды.
Қалада медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін бірнеше жаңа бөлімше іске қосылды. Олар №2 қалалық аурухана базасында гепатологиялық орталық, диабеттік табан және нейрохирургия бөлімшелері, қалалық клиникалық балалар ауруханасында балалар ауруларын ерте анықтау бойынша оқу-әдістемелік орталық, гипербариялық оксигенация орталығында 15 төсек орындық пульмонология бөлімшесі іске қосылды. Сондай-ақ, Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығында эндокринологиялық бөлімше кеңейтіліп, төсек орны 15-тен 50-ге дейін көбейтілді.
Қалалық перинаталдық орталықта неонаталды хирургия және “Бір күндік клиника” ашылды.
Жергілікті бюджет есебінен 237,8 млн теңге бөлініп, Ресей және Түркия елдерінде 46 дәрігер біліктілігін арттырды. Сонымен қатар, Мәскеуден шақырылған мамандардың қатысуымен алты халықаралық мастер-класс ұйымдастырылып, 120 маман білімін жетілдірді.
2024 жылы жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету бойынша 1 502 ота жасалды. Оның ішінде,
№1 қалалық клиникалық аурухана базасында 10 бүйрек және 2 бауыр трансплантациясы жасалды.
Шымкент жүрек орталығында 1 жүрек трансплантациясы отасы сәтті өтті.
2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 3,1 млрд теңге бөлініп, 154 науқас дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. “Қазақстан халқына” қоғамдық қоры арқылы 3,5 млрд теңгеге дәрілік заттар таратылды. Сондай-ақ, қуық асты безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылған науқастарды емдеуге 56,3 млн теңге бөлінді.
Қала шетінде жаңа медициналық мекемелер ашылып, халыққа жақындатылған медициналық көмек көрсетілуде. Жыланбұзған елді мекенінде дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Сонымен қатар, 23 жедел жәрдем көлігі сатып алынып, медициналық көмек көрсету уақыты қысқартылып, қызмет көрсету сапасы жақсарған. Осы жылы тағы 25 автокөлік алу жоспарда бар екен.
Денсаулық саласында 2025 жыл да қауырт басталған. Қаңтар айында медицина саласында бірнеше ірі бастамалар жүзеге асты. Атап айтқанда, қалалық балалар кардиохирургия орталығы ашылып, “Тәуелсіздікке 20 жыл” елді мекенінде дәрігерлік амбулатория іске қосылды.
Көпбейінді 257 төсек-орындық аурухана пайдалануға берілді.
Жақында ғана қалалық клиникалық балалар ауруханасында “Нәзік жүрек” халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
1130 жедел жәрдем қызметкері аттестаттаудан өткен, тіпті дәстүрлі Қытай медицинасы негізінде қалпына келтіру және оңалту бойынша халықаралық шеберлік сабағы да ұйымдастырылды.
Қорыта айтқанда, Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесі қарқынды дамып, халыққа медициналық қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне көтерілуде. Жаңа орталықтардың ашылуы, жоғары технологиялық медициналық көмектің кеңеюі және дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша жүргізілген жұмыстар халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар болды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы одан әрі жақсара түсетіні сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *