Сауран ауданында елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамту мақсатында инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен танысу үшін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ және Қосмезгіл елдімекендерінде болып, су құбыры құрылысын көрді, жеке тексерді. Әкім жұмыс барысында мердігер мекеме өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
Шорнақ елдімекенінде сумен жабдықтау құрылысы жүзеге асуда. Жоба аясында жалпы ұзындығы 50,34 шақырым болатын құбыр желісі тартылып, 590 абонент тазаауыз сумен қамтамасыз етілмек. Қосмезгіл елдімекенінде де жалпы ұзындығы 117,8 шақырым су құбыры тартылып, 1488 абонентке таза ауыз су жеткізілмек.

Нысандарды аралау барысында аудан әкімі мердігер ұйымдардың жұмысына ерекше назар аударып, құрылыс сапасы мен мерзімдік талаптардың қатаң сақталуын ескертті. Жергілікті тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, атқарушы билік пен құрылыс ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға баса мән берді.
— Елдімекендердің ауызсумен толық әрі тұрақты қамтылуы – біздің басты міндетіміз. Мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылып отыр. Ендігі міндет – жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтау. Бұл – халық алдындағы жауапкершілік, — деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.
Су құбырын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, өзге де елдімекендерді сапалы ауызсумен қамту бойынша ауқымды жоспарлар іске асырылмақ. Аудан басшылығы бұл бағыттағы бақылауды тұрақты түрде жүргізіп, барлық тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жобаларды одан әрі жетілдіруге ниетті.