19.04.2026
2

Шымкент қаласында жүкті әйелдер мен олардың серіктестерін АИТВ-инфекциясына уақтылы тексеру және бұл бағыттағы медициналық ұйымдар арасындағы ықпалдастықты күшейту мақсатында ақпараттық-оқыту семинары өткізілді. Іс-шараға мемлекеттік және жекеменшік емдеу мекемелерінің АИТВ-ға жауапты мамандары, зертхана қызметкерлері, сондай-ақ қалалық денсаулық сақтау басқармасының тиісті өкілдері қатысты.

Семинардың басты мақсаты — ана мен баланы АИТВ-инфекциясынан қорғау жолындағы алдын алу шараларын күшейту, жүкті әйелдермен және олардың жыныстық серіктестерімен жұмысты үйлестіру, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №211/2020 бұйрығында көрсетілген міндеттерді жүйелі түрде іске асыру.

Іс-шара барысында қатысушыларға АИТВ-инфекциясының алдын алу, диагностикасы мен емдеудегі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты ақпарат ұсынылды. Баяндамаларда эпидемиологиялық ахуал, зертханалық жұмыстардың преаналитикалық кезеңі, АИТВ өмір сүретін адамдарды медициналық есепке алу және антиретровирустық терапиямен қамту жолдары жан-жақты талданды.

Атап айтқанда, мамандар АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу шараларына ерекше назар аударды. Жүкті әйелдермен қатар, олардың серіктестерін міндетті түрде тексеру қажеттігі атап өтіліп, бұл қадамның инфекцияның отбасылық деңгейде таралуының алдын алуда шешуші рөл атқаратыны айтылды. Сонымен қатар, босану кезінде инфекцияның берілу қаупін азайтуға бағытталған кешенді шаралар мен босандыру мекемелеріндегі бақылау жүйесі де қарастырылды.

Семинар аясында медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту, мәлімет алмасу мен есептілік жүргізу мәселелері де көтерілді. Қатысушылар тарапынан белсенді пікірталас өтіп, тәжірибе алмасуға арналған сұрақ-жауап форматындағы сессия ұйымдастырылды.

Мамандар мұндай семинарлардың АИТВ-инфекциясына қарсы күрестегі тиімділігін, медицина қызметкерлерінің құқықтық және кәсіби сауаттылығын арттырудағы маңызын атап өтті. Медициналық мекемелер серіктестерді қамту мәселесіне ерекше назар аударып, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға әдістемелік материалдар мен нұсқаулықтар таратылып, нақты ұсыныстар мен міндеттер жүктелді. Мұндай кешенді жұмыс ана мен бала денсаулығын қорғау ісіне елеулі үлес қосып, АИТВ-инфекциясының таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *