19.04.2026
өндіріс (4)
Жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Саурандағы шағын өндірістік паркті аралап, жаңа ғимараттардың құрылысын бақылады. Жауапты басшылар мен мердігерлерге жұмысты ширатуды және жеделдетуді тапсырды. Сонымен бірге іске қосылған зауыттардың жұмысына да шолу жасады.
– Жоба ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіруші компаниялар көбеюде. Сондықтан браунфилдтер сапалы әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Өндірістік парктегі жұмыстар қатаң бақылауымда тұр. Жұмыс орындарын ашу, өңірдің өзіндік кірісін ұлғайту өте маңызды, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд. теңге инвестиция тарту және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн. евроны құрайтын зауыттың қуаттылығы – жылына 140 мың дана. Жоба 2 кезең арқылы іске асырылады.
Аталған өнеркәсіптік паркте жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін, ауыл шаруашылық тракторларын және сэндвич панельдер шығаратын кәсіпорындар іске қосылған. Сонымен бірге кеңсеге, мектепке, медициналық мекемелерге арналған жиһаздар шығаратын зауыттар жұмыс істеп жатыр. Ішкі есіктер шығаратын цех, медициналық жабдықтар шығаратын өндіріс орындары да іске қосылып үлгерген. Сусыздандырылған көкөністерді өндіретін, электромагниттік шығын өлшегіштерді құрастыратын, жиһаз жасайтын, өнеркәсіптік суды өшіру клапандарын өндіретін, кептірілген жемістер мен кептірілген көкөністер дайындайтын зауыттар ашу жоспарланып отыр.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, осындай тәжірибені Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында іске асыру жұмыстары басталды.
Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарындағы 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *