19.04.2026
сенбілік (1)

Түркістан облысы Сауран ауданында аудан әкімдігі мен Amanat партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен кезекті сенбілік өтті. Аудан орталығында өткен тазалық жұмыстарына 500-ге жуық тұрғын белсене қатысты. Сонымен қатар, тазалық шарасына 10 арнайы техника жұмылдырылды.

Тазалық науқанына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, сондай-ақ ауданның ерікті жастары, ауыл тұрғындары және мемлекеттік қызметшілер атсалысып, өз үлестерін қосты.

Облыс әкімдігінің бекіткен күнтізбелік жоспарына сәйкес, Сауран ауданы жыл соңына дейін 315 сенбілік шарасын өткізуі тиіс. Бүгінгі күнге дейін 79 сенбілік ұйымдастырылып, оларға жалпы 13 921 адам қатысты, 304 арнайы техника жұмылдырылды. Іс-шаралар барысында 25 800 түп ағаш егілді, 886,4 тонна қоқыс шығарылды.

Аталған көрсеткіштер аудан тұрғындарының қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті арттыруға деген жауапкершілігін айғақтайды. Сенбілік жұмыстары жыл соңына дейін жалғасып, аудандағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталады, дейді аудан басшылығы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылы елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы қолға алынған болатын.

Табиғи ресурстарға бай Қазақстанда ауқымды экологиялық өзгерістерді жүзеге асыруға арналған «Таза Қазақстан» бастамасы үкіметтің, бизнестің және азаматтық қоғамның таза әрі тұрақты ортаны құру үшін күш-жігерін біріктіре отырып, шешуші рөл атқарады.

«Таза Қазақстан» акциясы – бұл жай ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Ол қалаларды, саябақтарды, ормандарды және су қоймаларын қоқыстан жүйелі түрде тазалау, ағаштар, бұталар отырғызу және жаңа жасыл аймақтарды құру, өзендердің, көлдердің және теңіздердің ластануымен күресу, барлық жастағы топтарға оқу іс-әрекетін жүргізу, қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғау арқылы биоәртүрлілікті сақтау сияқты кең ауқымды іс-шараларды қамтиды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *