Сауран ауданының әкімі Жаңа Иқан ауыл округінің тұрғындарын электрмен қамтамасыз етуге арналған нысанда болды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Жаңа Иқан ауыл округіне қарасты Ибата елдімекенінде салынып жатқан электрмен жабдықтау нысанының құрылыс барысымен танысты.
Жобаның тапсырыс берушісі — Сауран аудандық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналды шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС жүзеге асыруда. Техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелер ретінде «Тұран құрылыс» ЖШС мен «ЖОББЕСТПРОЕКТ» ЖШС бекітілген.

Аудан басшысы мердігер ұйым өкілдерінен жұмыс қарқыны мен сапасы туралы толық ақпарат алып, құрылыс барысын бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, белгіленген мерзімде аяқталуы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын тапсырды.
Мақсат Таңғатаров ауыл инфрақұрылымын дамыту — аудан әкімдігінің басым бағыттарының бірі екенін айта келе, бұл жоба тұрғындар үшін аса маңызды екенін жеткізді.