19.04.2026
6830374b1275c

«Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысын көріп шықты. Ермек Маржықпаев Түркістан облысына іссапармен келіп, өңірдің 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындығымен танысты. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев Түркістан облысына іссапармен келіп, өңірдің 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындығымен танысты. Сапар барысында кеңесші бірқатар нысандарын аралап, «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысын көріп шықты. Кәсіпорын 2009 жылдан бері қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылу энергиясымен қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі таңда 18 қазандық бөлімшеде 77 дана қазанмен және жалпы ұзындығы 56,243 шақырымды құрайтын жылу жүйесімен жұмыс жүргізілуде. Барлығы 223 көпқабатты тұрғын үй, 18 бюджеттік мекеме, 55 кәсіпкерлік нысан және 36 жеке үй орталық жылумен қамтылған. Сонымен қатар, «TURAN» арнайы экономикалық аймағына барып, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын көрді. Мұнда инвесторларға ұсынылып отырған жеңілдіктер мен жаңа жобалар кеңінен таныстырылды. Жұмыс сапары Кентау қаласына жалғасты.

Алдымен трансформатор зауытында болып, өндірістік процеспен танысты. Кейін Жылу энерго орталығында болды. Онда биылғы жөндеу жұмыстарының барысын көріп, тұрғындарды үздіксіз жылумен қамту – басты басымдық екенін атап өтті. Ермек Маржықпаев атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, өңірдің одан әрі даму барысына жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
Сапар барысында ол Сауран ауданында орналасқан және өңірдегі маңызды инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралап көрді. Іссапарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, өндірістік аймақтың даму барысымен таныстырды. Ал «СПК «Түркістан» АҚ басқарма төрағасы Данияр Бектұрғанов өндіріс паркі жұмысы туралы жан-жақты баяндап берді. Кеңесші сапар барысында көкөніс сақтау қоймасының жұмысымен де танысты. Мұнда 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтауға мүмкіндік бар. Қойма Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс цехтары көрсетілді.

Бұл кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» брендімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналарды шығарады. Премьер-министрінің кеңесшісі өндірістік алаңда орналасқан білім беру мекемелеріне арналған жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» кәсіпорнының өнімдерімен танысты. Соңғы үш жылда бұл компания 50-ге жуық мектепті қажетті жиһазбен жабдықтаған. Мұнда «Жайлы мектеп» стандартына сәйкес жиһаздар, сондай-ақ «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп, медицина мекемелеріне арналған жабдықтар жасалады.

Сапар соңында Ермек Маржықпаев тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндірістік алаңына барды. Жаңа технологиямен жабдықталған бұл кәсіпорын ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге үлес қосып отыр. Бұл іссапар Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобалардың ауқымын айқындап, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесін көрсетті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *