2024 жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Ел Президентінің бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» қоғамдағы қарапайым, бірақ аса жауапты салаларда еңбек етіп жүрген жандарға деген құрметті арттырды. Бұл бастама – әрбір маманның еңбегін бағалап, олардың қоғамдағы рөлін тануға бағытталған. Осындай құрметке лайық жандардың бірі – 36 жылдық тәжірибесі бар, жоғары санатты медбике Мамлакат Шадиметова.
Балалық арманнан басталған жол
Мамлакат Шадиметова 1964 жылы 16 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Сайрам ауылында дүниеге келген. Болашағын бала күннен-ақ медицина саласымен байланыстырған Мамлакат апай, «мейіргер боламын» деген арманын өмірлік мақсатына айналдырып, 1985 жылы Шымкент медициналық училищесін «Мейіргерлік іс» мамандығы бойынша аяқтайды.
Еңбек жолын №1 балалар бірлескен ауруханасында бастаған ол, кейін Сайрам аудандық ауруханасы мен Тассай фельдшерлік пунктінде жұмыс істей жүріп, түрлі тәжірибе жинақтайды.
— «Науқасқа қарап қана емес, жүрегіңмен сезінуің керек. Мейірімсіз берілген көмек – жартылай көмек», – дейді ол. Бұл сөз – оның бар өмір жолының басты ұстанымына айналған.
Кәсібіне адалдық – өмірлік ұстаным
1996–2001 жылдары «Интеркомшина» акционерлік қоғамының емханасында терапия бөлімінде жұмыс істеген Мамлакат Шадиметова, 2005 жылдан бері Шымкент қалалық №3 ауруханасының жан сақтау бөлімінде анестезия медбикесі қызметін абыроймен атқарып келеді. Бұл бөлім – адам өмірі мен өлім арасындағы шекара. Әрбір сәт шешуші, әрбір қимыл – жауапты.
Күнделікті қырағылық пен шапшаң шешім қабылдауды талап ететін бұл бөлімде оның кәсібилігі мен сабырлылығы бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға септігін тигізді. Науқастармен ғана емес, олардың туыстарымен де жұмыс істей жүріп, үміт пен мейірімнің үлгісін көрсетіп келеді.
COVID-19 кезіндегі ерлікке пара-пар еңбек
2020–2021 жылдары бүкіл әлемді алаңдатқан COVID-19 пандемиясы кезінде Мамлакат апайдың еңбегі шын мәнінде ерлікпен пара-пар болды. Қауіпті індет кезінде қорғаныс киімін киіп, тәулік бойы ауыр хәлдегі науқастармен жұмыс істеп, адам өмірін сақтауға бар күшін салды.
— «Сол бір кезеңде әрбір тыныс – үміт, әр сәт – күрес еді. Біз үшін әрбір өмір – басты мұрат болды», – дейді ол өткен күндерді еске алып.
Тек тәжірибелі маман ғана емес, Мамлакат Шадиметова – жас мейіргерлерге үлгі-өнеге көрсетіп жүрген тәлімгер. Өзінің бай тәжірибесімен бөлісіп, мамандыққа жаңа қадам басқан қыз-келіншектерге бағыт-бағдар береді. Оның пайымдауынша, кәсіби біліммен қатар жүрек жылуы мен адамгершілік – мейіргер мамандығының ажырамас бөлігі.
— «Біз – тек дәрі тамызатын немесе процедура жасайтын маман емеспіз. Біз – өмір сақтаушы жандармыз», – дейді ол.
Президент бастамасымен аталып жатқан «Жұмысшы мамандықтар жылы» дәл осындай жанкешті еңбек иелерін ұлықтауға бағытталған. Мамлакат Шадиметова – өз ісіне адал, кәсібіне берілген, науқасқа деген жанашырлығын күнделікті еңбегімен дәлелдеп жүрген жан.
Оның әр күні – адам өмірі үшін күрес, әр сәті – үлкен жауапкершілік. Қоғам оның еңбегін мүмкін байқамауы мүмкін, бірақ әрбір сауығып кеткен науқастың жүрегінде оның мейірімді қолы мен жылы жүзінің ізі мәңгі сақталады.
Мамлакат Шадиметова – тек кәсіби медбике емес, адам өміріне араша түсіп жүрген бейбіт күннің қаһарманы. Оның өмір жолы – жастарға үлгі, болашақ медицина мамандарына бағдар. Мейірім мен жауапкершілік қатар жүретін бұл жолда, Мамлакат апай сияқты мамандардың орны – әрқашан ерекше.