19.04.2026
WhatsApp Image 2025-10-04 at 20.01.25 (2)

Шымкент қалалық №4 емханада скринингтік зерттеулерге арналған семинар ұйымдастырылып, емхана қызметкерлері мен дәрігерлері бас қосып, маңызды мәселелерді талқылады. Іс-шараны емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Дина Қарабалина және жалпы тәжірибелі дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Фируза Қонаева жүргізді.

Семинарға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-174/2020 бұйрығына 29.07.2025 жылғы №71 қосымша бұйрық таныстырылып, оның негізгі талаптары мен ережелері жан-жақты талқыланды. Бұл бұйрық скринингтік зерттеулердің нысаналы топтарын, тексерудің қағидалары мен кезеңділігін нақтылайтын маңызды нормативтік құжат болып табылады.

Семинар барысында дәрігерлер скринингтік зерттеулердің маңыздылығын атап өтті және емхана қызметкерлеріне нысаналы топтарға жататын азаматтарды анықтау, оларға скринингке қатысты ақпаратты уақытылы жеткізу және тексеруден өтуге ынталандыру міндеттері түсіндірілді.

Қазіргі таңда елімізде белгілі бір жас аралығындағы азаматтар бірнеше негізгі ауруларды ерте анықтау мақсатында скринингтен өтеді. Олардың ішінде:

Қан айналым жүйесі ауруларын ерте анықтау үшін 72, 74 және 76 жастағы азаматтар;

Сүт безі обырын алдын ала анықтау үшін 72, 74 және 76 жастағы әйелдер;

Жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін 74 жастағы әйелдер;

Колоректальды обырды анықтау үшін 72, 74 және 76 жастағы азаматтар.

Бұл нысаналы топтар скринингтік зерттеулердің тиімділігін арттырып, ауыр сырқаттарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Скринингтік зерттеулердің маңызы зор. Өткен жылы елімізде 3,2 миллионға жуық азамат скринингтен өтіп, олардың арасынан 120 мыңнан астам адам ауруды ерте кезеңде анықтап, қажетті медициналық көмекке қол жеткізген. Бұл көрсеткіштер скринингтік бағдарламалардың денсаулық сақтау жүйесінде қаншалықты маңызды рөл атқаратынын дәлелдейді.

Қазіргі таңда Қазақстанда ең көп тараған 8 түрлі ауруды ерте анықтауға бағытталған скринингтік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осы бағдарламалардың арқасында халық арасында созылмалы және қауіпті аурулардың алдын алу және ерте емдеудің сапасы арттырылуда.

Семинар барысында емхана қызметкерлері өзара пікір алмасып, туындаған сұрақтарға жауап берді. Олар скринингтік зерттеулерді ұйымдастырудағы қиындықтар мен оларды шешу жолдары туралы пікірталастар жүргізді. Бұл өз кезегінде скринингтік бағдарламаның сапасын арттыруға және халықтың скринингке қатысу деңгейін жоғарылатуға септігін тигізеді.

Емхана дәрігерлері мен ұйымдастырушылары тұрғындарды скринингтік зерттеулерден уақытылы өтуге шақырады. Ерте анықталған ауруларды емдеу ықтималдығы жоғары және бұл өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен мүмкіндік береді.

«Салауатты өмір салтын ұстанып, медициналық тексерулерден кешіктірмей өтіңіздер. Скринингтік зерттеулер – денсаулығыңыздың кепілі», — дейді дәрігерлер.

Скринингтік зерттеулер – халық денсаулығын сақтаудың маңызды құралы. Мұндай семинарлар медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, скринингті тиімді жүргізуге бағытталған. Әрбір азамат өз денсаулығын бақылауда ұстауы тиіс, ал медициналық ұйымдар бұл процесті қолдау үшін барлық қажетті шараларды қолданады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *