22.04.2026
WhatsApp Image 2025-10-04 at 19.21.41

Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан жаңашыл бастамалар мен халыққа қолжетімді медициналық қызмет көрсету жұмыстары күн санап дамып келеді. Осы бағытта қала басшылығы емдеу мекемелерінің жұмыс барысымен тұрақты түрде танысып, бақылау жүргізуді қолға алған.

Осыған орай, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов №6 қалалық емхананың қызметімен танысты. Іс-сапар барысында оны емхананың бас дәрігері Айгүл Орынбасарқызы қарсы алып, мекеме жұмысының негізгі бағыттарын, бөлімшелердің қызметін және енгізіліп жатқан жаңа жобалар туралы жан-жақты таныстырды.

Сапар барысында қала әкімінің орынбасарына емхананың бірқатар құрылымдық бөлімшелері көрсетілді, атап айтқанда:

«Патронаттық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделі» кабинеті – жас аналар мен нәрестелердің денсаулығын бақылауға бағытталған үздіксіз патронаждық көмекті ұйымдастыратын бөлімше;

«Әл-Фараби» жастар орталығы – жастар мен жасөспірімдерге арналған денсаулықты нығайтуға бағытталған кеңес беру және медициналық көмек көрсету орталығы;

«Шұғыл медициналық көмек» бөлімі – жаңа ашылған бөлімше, науқастарға алғашқы кезектегі көмек көрсету мен жағдайды жедел бағалауға мүмкіндік береді;

«Даму және ерте араласу орталығы» – дамуында кешеуілдеуі бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық және медициналық көмекті үйлестіретін маңызды құрылым.

Бас дәрігер Айгүл Орынбасарқызы емхана қызметінде енгізілген оңтайландырылған цифрлық жүйелердің тиімділігі туралы да сөз қозғады. Мысалы, электронды кезек, онлайн жазылу, электронды амбулаториялық карта сынды жаңашылдықтар қызмет алушылар үшін қолайлы жағдай туғызған. Бұл жүйелер медициналық көмекті жедел әрі сапалы көрсетуге ықпал етіп отыр.

Сондай-ақ, емхана халықпен кері байланыс орнатуға баса назар аударып отыр. Әлеуметтік әлсіз топтарға, көпбалалы отбасыларға, қарт адамдарға ерекше көңіл бөлінуде. Профилактикалық тексерулер, түсіндіру жұмыстары, денсаулық мектептері – мұның бәрі халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған.

Арман Сәбитов өз кезегінде емхана ұжымының жұмысын жоғары бағалап, көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасын арттыруға, қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

«Халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету – біздің басты мақсатымыз. Бұл бағытта енгізіліп жатқан жаңашыл жобалар мен цифрлық шешімдер тұрғындар үшін өте қажет. №6 емхананың тәжірибесі өзге медициналық ұйымдарға үлгі бола алады», – деді қала әкімінің орынбасары.

Бұл сапар – қалалық деңгейде медициналық мекемелердің даму үдерісіне тұрақты бақылау бар екенін, және де халыққа сапалы қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетті.

Шымкент қаласының №6 емханасы алдағы уақытта да тұрғындарға заманауи талаптарға сай, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету бағытында жұмысын жалғастыра береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *