19.04.2026
МӘМС-26

МӘМС жүйесіндегі биылғы өзгерістер диагностика саласында мемлекеттік кепілдіктерді кеңейту, халықты медициналық сақтандырумен қамтуды арттыру және жүйенің қаржылық тұрақтылығын күшейтуге байланысты болып отыр.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Бірыңғай медициналық көмек пакетін кезең-кезеңімен енгізу басталады. Өзгерістер 2025 жылғы 14 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған Заңға сәйкес жүзеге асырылады және денсаулық сақтау саласында негізгі мемлекеттік кепілдіктерді орындауға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, барлық қатысушылардың әділ, ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етуге және жүйенің ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

2026 жылғы қаңтардан бастап Бірыңғай медициналық көмек пакетіне кезең-кезеңімен өту басталады, ол келесі мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:

– ТМККК мен МӘМС арасын нақты бөліп, қызметтердің қайталануын жою;

– ауруларды ерте алдын алу шараларының қолжетімділігін арттыру;

– әлеуметтік маңызды ауруларды ерте анықтау бойынша кепілдіктерді кеңейту;

– ресурстарды қайта бөлу арқылы жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету;

– толыққанды медициналық сақтандыру моделіне жақындау.

Бірыңғай медициналық көмек пакеті шеңберінде МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, онкологиялық ауруларды, артериалды гипертензияны, ишемиялық жүрек ауруын, глаукома және қант диабетін ерте анықтауға арналған скринингтер барлық азаматтар үшін қолжетімді болмақ.

ТМККК пакеті шеңберінде онкоскринингтердің қолжетімді болуы қатерлі істіктерді ерте сатысында анықтап, емдеуге мүмкіндік береді. Жүрек-қан тамырлары ауруларын, глаукома және қант диабетін уақытылы анықтау асқынулардың алдын алуға және мүгедектік деңгейін төмендетуге жағдай жасайды.

Айта кету керек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМККК шеңберінде 11 әлеуметтік маңызды ауруларды күдік туындаған жағдайда диагностикалау қолжетімді болады, соның ішінде туберкулез, созылмалы вирус гепатиттері мен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, қатерлі істіктердің ерте сатысы, өткір миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай), сирек кездесетін аурулар, эпилепсия, инсульттер және басқа ауыр жағдайлар. Қазір ТМККК шеңберінде тек туберкулез және АИТВ-инфекциясын диагностикалау жүргізілсе, басқа әлеуметтік маңызды ауруларды диагностикалау МӘМС жүйесінде жүзеге асырылады.

Осылайша, сақтандырылмаған азаматтар базалық медициналық көмек пакетіне қол жеткізе алады:

– емханадағы алғашқы медициналық қаралу;

– артериалды гипертензияны, ишемиялық жүрек ауруын, глаукома, қант диабетін, сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректалды обырды ерте анықтауға арналған вакцинация және скринингтер;

– 11 әлеуметтік маңызды ауруға күдік туындаған жағдайда диагностикалау;

– өмірге қауіпті жағдайларда жедел және шұғыл медициналық көмек;

– барлық әлеуметтік маңызды ауруды диагностикалау, емдеу, алдын алу және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;

– жұқпалы аурулар кезінде медициналық көмек;

– қан препараттарымен қамтамасыз ету;

– паллиативтік көмек және ауыр науқастарға ұзақмерзімді күтім.

Айдана Данданова,

Шымкент қалалық №4 емхананың МӘМС бойынша жауапты маманы

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *