19.04.2026

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары» республикалық декадасының аясындағы «Кибер Тұмар» күнінде Түркістан қаласының №1 халыққа қызмет көрсету орталығында жас дарындарға арналған шара өтті. Игі шара балалардың цифрлық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың кәсіби бағдарын айқындауға үлкен үлес қосты.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл шараның негізгі мақсаты – балалардың цифрлық сауаттылығын қалыптастыру, саналы әрі қауіпсіз цифрлық мінез-құлықты дамыту, сондай-ақ технологияларға деген қызығушылықты арттырып, оларды жауапкершілікпен қолдануға үйрету.

Осыған орай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалы халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу және шығармашылық байқауларда ерекше жетістіктерге қол жеткізген 15 жас дарынды өз фронт-кеңсесінде қабылдады.

Үлкен жетістіктерге жеткен кішкентай балаларға фронт-кеңсе бойынша шолу экскурсиясы жасалды. Экскурсия барысында Мемлекеттік корпорацияның жұмысы, қызметтегі бағыт-бағдары жайлы ақпарат берілді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта алу барысындағы цифрлық шешімдер туралы жан-жақты мәлімет берілді.

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының Түркістан облыстық филиалының директоры Бахыт Басымбек балаларды келе жатқан мерекемен құттықтады: «Сіздердің ғылым мен шығармашылықтағы табыстарыңыз – ел болашағына сенім ұялататын зор қуаныш. Бүгінгі іс-шара арқылы сіздер цифрлық әлемнің мүмкіндіктерімен таныстыңыздар. Болашақта осы салаға ерен еңбегі тиетін тұлға болып қалыптасатындарыңызға сенемін. Армандарыңыз асқақ, ізденістеріңіз нәтижелі болсын!».

Іс-шара соңында балаларға мемлекеттік корпорацияның қызметімен және интернеттегі қауіпсіздік негіздерімен танысқаны туралы сертификаттар  табысталып, жас жеткіншектер естелікке суреттерге түсті.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *