Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында өткен IX жыл сайынғы «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі қазақстандық кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін көрсетуге арналған ең ірі алаңдардың біріне айналды. Биылғы көрме ауқымы мен қатысушылар саны бойынша бұрынғы жылдардағы көрсеткіштерден асып түсіп, отандық өндірістің дамуы мен кәсіпкерліктің әлеуетін паш еткен маңызды экономикалық оқиға ретінде ерекшеленді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастыруымен өткен көрмеге Қазақстанның барлық өңірлерінен 600-ден астам шағын және орта бизнес субъектілері қатысып, өз өнімдері мен қызметтерін таныстырды. Олардың қатарында Түркістан облысынан келген 25-тен астам кәсіпорын өңірдің өндірістік, экспорттық және инвестициялық әлеуетін көпшілік назарына ұсынды.
Соңғы жылдары Түркістан облысы өндіріс көлемі мен кәсіпкерлік белсенділігі жағынан еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Индустрияландыру, импортты алмастыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесінде өңірде жаңа кәсіпорындар ашылып, өндіріс көлемі артып келеді.
«Ulttyq Ónim – 2026» көрмесіне қатысу Түркістан облысының кәсіпкерлері үшін өз өнімдерін кең аудиторияға таныстыруға, жаңа серіктестер табуға және өткізу нарықтарын кеңейтуге үлкен мүмкіндік берді. Сонымен қатар көрме өңір кәсіпорындарының өндірістік қуатын, өнім сапасын және халықаралық талаптарға сәйкестігін көрсетуге арналған маңызды алаң болды.
Көрмеде ұсынылған өнімдердің ауқымы өте кең болды. Түркістандық кәсіпорындар азық-түлік өндірісінен бастап құрылыс материалдарына, жеңіл өнеркәсіптен химия саласына дейінгі түрлі бағыттағы өнімдерін таныстырды.
Азық-түлік өндірісі саласында өңірдің танымал кәсіпорындары табиғи және сапалы өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында табиғи алма шырынын өндіретін «DALA-FRUIT.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ерекше қызығушылық тудырды. Компания өңірде өсірілген жеміс-жидектерден дайындалған табиғи шырындарын таныстырып, келушілердің оң бағасына ие болды.
Сондай-ақ «AYKAN» компаниясы өндіретін «Эмир» брендімен шығарылатын ірімшік өнімдері де көпшіліктің назарын аударды. Соңғы жылдары отандық сүт өнімдерінің сапасы артып, тұтынушылар тарапынан сұраныс көбейіп келеді. Көрме барысында кәсіпорын өз өнімдерінің сапалық артықшылықтарын таныстырды.
Ет өнімдерін өндіру саласында «ҚАРҚЫН-2030» серіктестігі шұжық және ет өнімдерінің кең ассортиментін ұсынды. Компания өнімдері өңірде ғана емес, республика көлемінде де танымал брендтердің біріне айналып келеді.
Көрмеге қатысқан кәсіпорындардың қатарында арнайы жұмыс киімдері мен қорғаныш құралдарын өндірушілер де болды. Атап айтқанда, «Шораев» жеке кәсіпкерлігі өндірістік қауіпсіздікке арналған арнайы аяқ киімдерін таныстырды. Мұндай өнімдер құрылыс, өнеркәсіп және өндіріс салаларында жоғары сұранысқа ие.
Түркістан облысы мақта шаруашылығы бойынша еліміздегі жетекші өңір болғандықтан, көрмеде мақта өнімдері де кеңінен ұсынылды. «Нұр-Агро 73» серіктестігі өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін көрсететін мақта өнімдерін таныстырып, келушілерге олардың ерекшеліктері туралы ақпарат берді.
Сусын өндірісі саласында танымал «BEIBARS BOTTLERS» компаниясы RC Cola өнімдерін көрме қонақтарына ұсынды. Компания соңғы жылдары өндіріс көлемін арттырып, қазақстандық нарықтағы үлесін кеңейтіп келеді.
Ал «Балмуздак» серіктестігі шығарған «Ленгерское» балмұздағы да көрме қатысушыларының қызығушылығын тудырды. Өнімнің сапасы мен табиғи құрамы тұтынушылар тарапынан жоғары бағалануда.
Өнеркәсіптік және қаптама өнімдерін өндіру бағытында жұмыс істейтін кәсіпорындар да өз жетістіктерін көрсетті. «QazEcoPack» компаниясы скотч және стрейч-пленка өнімдерін таныстырып, қаптама индустриясындағы заманауи шешімдерін ұсынды.
Құрылыс және өндіріс салалары үшін маңызды өнім шығаратын кәсіпорындардың қатарында «QAZAQ BITUM Processing» компаниясы ерекше орын алды. Компания өндірген битум өнімдері еліміздің инфрақұрылымдық жобаларында кеңінен қолданылуда.
Энергетика және байланыс саласына қажетті өнім шығаратын «Trans Cable» серіктестігі де көрме барысында өз өнімдерін таныстырды. Компания өндірген кабель өнімдері отандық өндірістің жоғары технологиялық бағыттарының бірі болып саналады.
Сонымен қатар «Quraq Group» серіктестігі өндіретін жұмсақ жиһаздар келушілердің қызығушылығын тудырды. Компания өнімдері сапалы материалдардан дайындалып, заманауи дизайнмен ерекшеленеді.
Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысып, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқып берді.
Құттықтау хатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше назар аударып отырғаны атап өтілді. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.
Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда шағын және орта бизнес ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр. Бұл сектор жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлердің экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосуда.
Көрме барысында кәсіпкерлер үшін түрлі панельдік сессиялар, тәжірибе алмасу алаңдары және B2B кездесулер ұйымдастырылды. Бұл кездесулер кәсіпкерлерге жаңа байланыстар орнатуға және болашақ серіктестермен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар франчайзинг, команда басқару, салық салу жүйесі және жасанды интеллект технологияларын бизнесте қолдану тақырыптарында тегін шеберлік сабақтары өткізілді. Бұл кәсіпкерлердің білімін жетілдіруге және заманауи бизнес құралдарын меңгеруге бағытталды.
Көрме тек іскерлік алаң ғана емес, сонымен қатар мәдени-көпшілік шаралармен де толықтырылды. Қатысушылар үшін танымал әртістердің концерттік бағдарламалары ұйымдастырылып, арнайы байқаулар мен сыйлықтар ұтыстары өткізілді.
«Ulttyq Ónim» көрмесі мемлекеттік қолдау алған қазақстандық кәсіпорындардың өнімдерін таныстыруға арналған маңызды платформа саналады. Мұнда азық-түлік, құрылыс материалдары, жиһаз, химия өнеркәсібі, машина жасау, медициналық өнімдер және арнайы киімдер сияқты көптеген саланың өнімдері ұсынылды.
Үкімет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау бағытында қабылданып жатқан шаралар да нақты нәтиже беруде. 2025 жылы ғана «Даму» қоры арқылы бизнесті дамытуға 560 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған. Нәтижесінде жалпы құны 2,2 триллион теңгені құрайтын шамамен 13 мың жоба мемлекеттік қолдауға ие болды.
Бұл жобалардың жүзеге асуы 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуына және 143 мыңнан астам жұмыс орнының сақталуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар қолдау алған кәсіпорындар тарапынан 27,7 триллион теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке шамамен 2 триллион теңге көлемінде салық төленді.
Мамандардың пікірінше, мұндай көрмелер өңірлік кәсіпкерлердің әлеуетін танытып қана қоймай, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және ұлттық экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысының кәсіпорындары қатысқан «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі өңірдің өндірістік әлеуетін көрсетуге, жаңа нарықтарға жол ашуға және отандық кәсіпкерліктің жетістіктерін насихаттауға бағытталған маңызды алаң ретінде өз міндетін толық атқарды.