Биыл кітапхананың құрылғанына 65 жыл толып отыр. Түркістанда Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының заманауи ғимараты ашылды.Түркістан қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының жаңа заманауи ғимараты пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті айтулы оқиғамен құттықтап, оның қоғам үшін маңызына ерекше тоқталды. Өңір басшысы өз сөзінде биыл кітапхананың құрылғанына 65 жыл толып отырғанын атап өтіп, мерейтой қарсаңында жаңа ғимараттың ашылуы облыс руханияты үшін маңызды тарихи оқиға екенін жеткізді. Сонымен қатар жаңа нысанның Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында пайдалануға берілуі аймақ балаларына жасалған ерекше тарту екенін айтты. – Кітапхана – тек кітап сақталатын орын емес. Бұл – ұлттың рухани қазынасы әрі тәрбиенің алтын бесігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында: «Тек кітап оқитын ұлт қана шын мәнінде интелектуалды қоғам құра алады. Бұл – елдің рухани дамуының негізі»деп, кітапхана саласының қоғам өміріндегі маңызын айшықтап берген болатын. Әсіресе жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, дұрыс бағытта тәрбиелеу – болашаққа жасалған маңызды инвестиция болып саналады. Бүгінгі іс-шара – осы бағыттағы жұмыстардың алғышарты ретінде жүзеге асуда. Осыдан біраз уақыт бұрын бұл кітапхананың ескі ғимаратының жай-күйін көріп, оны заман талабына сай жаңартып, балалар үшін заманауи интеллектуалды орталыққа айналдыру туралы арнайы бастама көтерген едім. Осы идеяны бір ауыздан қолдап, балаларымызға осындай ғажайып білім ордасын сыйлауға мүмкіндік туғызған облыстық мәслихат депутаттары мен басқа да азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа ғимарат құтты болсын! Кітапхананың шамшырағы сөнбесін! Еліміздің руханияты өркендей берсін! – деген Нұралхан Көшеров жаңа ғимаратта балалардың білімін шыңдап, бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Іс-шара барысында өңір басшысызиялы қауым өкілдерімен бірге жаңа кітапхана ғимаратын аралап көрді. Жаңа кітапхана балалардың оқу мәдениетін қалыптастыру, білімге, кітапқа деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы рухани бай, ой-өрісі кең, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру мақсатында ашылды. Жобаның жалпы құны – 481,336 млн теңге. Ғимараттың жалпы аумағы – 1065,3 шаршы метр. Кітапхана бір мезетте 100 оқырманға қызмет көрсетуге қауқарлы. Мұнда 50-ден астам маман еңбек етеді.
Айта кетсек, бүгінде Түркістан облысында 390 кітапхана халыққа қызмет көрсетсе, ондағы жалпы кітап қоры 6 миллионнан асады. Ал бүгінгі ашылып отырған балалар кітапханасының қорында 226 403 дана құнды кітап сақталған. Мұнда әлемдік классика, заманауи балалар әдебиеті және электронды ресурстардың барлық мүмкіндіктері қамтылған. Өңірде мәдениет пен руханиятты дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өткен жылы облыста кітапханалармен қатар 6 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл тағы 10 мәдени нысанның құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған нысандар жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтіліп отыр.Жаңа кітапхана ғимараты заманауи цифрлық технологиялармен толық жабдықталған. Мұнда электронды каталог жүйесі, интерактивті оқу залдары және мультимедиялық ресурстар оқушылардың білім алу процесін жеңілдетуге бағытталған. Сонымен қатар балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін арнайы коворкинг аймақтары мен шығармашылық шеберханалар ұйымдастырылған.
Кітапхана тек оқу орны ғана емес, сонымен қатар түрлі мәдени және білім беру іс-шаралары өтетін орталыққа айналмақ. Мұнда әдеби кештер, авторлармен кездесулер, дебат клубтары және балаларға арналған танымдық бағдарламалар тұрақты түрде өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, қоғамдық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар жаңа нысан өңірдегі білім беру мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мектептермен бірлескен жобалар, жазғы оқу лагерьлері және кітап оқу марафондары ұйымдастырылып, балалардың оқу мәдениетін жүйелі түрде дамыту көзделіп отыр. Бұл бастама Түркістан өңірінде кітап оқитын ұлт қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.Кітапхана қорының цифрландырылуы арқылы оқырмандарға қашықтан қолжетімділік мүмкіндігі кеңейтілді. Яғни, балалар мен жасөспірімдер үйден шықпай-ақ электронды кітаптарды оқып, қажетті әдебиеттерді онлайн каталог арқылы іздей алады. Бұл қазіргі цифрлық дәуір талабына сай білім алудың қолжетімділігін арттырады.
Сонымен бірге жаңа ғимаратта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да қолайлы жағдай жасалған. Арнайы жабдықталған оқу аймақтары мен бейімделген инфрақұрылым олардың кітапхана қызметтерін еркін пайдалануына мүмкіндік береді. Бұл инклюзивті білім беру қағидаттарын дамытуға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Жалпы алғанда, бұл кітапхана Түркістан қаласының мәдени-рухани өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы ретінде бағалануда. Ол тек оқырман тарту орталығы ғана емес, сонымен қатар жас буынның шығармашылық әлеуетін дамытатын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды мәдени-интеллектуалды алаңға айналмақ.