09.07.2026
6a0aa6bc4ffe0

 

Түркістан облысының Жетісай ауданында биылғы бақша өнімдерінің алғашқы легі жиналып, шетел нарығына жөнелтіле бастады. Атап айтқанда, жергілікті шаруалардың маңдай терімен өсірілген қауындары Ресей Федерациясының нарығына экспортталуда. Сапалы әрі дәмді өнімге сұраныстың жоғары болуы диқан қауымын қуантса, өнім бағасының да көңіл көншітетіні шаруалардың еңбегін ақтап отыр.

Жетісай ауданы – еліміздегі ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған өңірлердің бірі. Биыл аудан бойынша 79,2 мың гектар суармалы жер игеріліп, оның 44 мың гектарына мақта шиті себілген. Сонымен қатар 17,1 мың гектар жерге бақша дақылдары, 7,5 мың гектарға дәндік жүгері, 3,7 мың гектарға көкөніс, ал 6,4 мың гектар алқапқа жоңышқа егілген. Аудан шаруалары көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізіп, мол өнім алуға күш салуда.

Бүгінде осы бақша алқаптарында өсірілген қауындардың алғашқы өнімі толық пісіп жетіліп, нарыққа шығарылып жатыр. Солардың бірі – Жетісай ауданының тұрғыны, тәжірибелі диқан Әл-Фараби Күзенбаев жетекшілік ететін «Әл-Фараби» шаруа қожалығы. Бірнеше жылдан бері егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан шаруашылық иелігінде жалпы көлемі 300 гектар жер бар. Оның 260 гектарына мақта егілсе, қалған 40 гектарына қауын көшеттері отырғызылған.

Шаруашылық биыл да жылдағы дәстүрінен жаңылмай, өнімін өзгелерден бұрын нарыққа шығаруға қол жеткізді. Қожалық төрағасы егістік алқаптарына қауынның «Нұр-Бакинка» сортын егіп, алғашқы өнімдерін жинауды бастап кеткен. Алайда көктемдегі ауа райының құбылмалы болуы өнімнің пісу мерзіміне әсер еткен. Әдетте 65 күнде дайын болатын қауын биыл жауын-шашынның көп түсуіне байланысты шамамен 80 күнде толық пісіп жетілген.

Соған қарамастан, өнім сапасы жоғары деңгейде қалыптасып, бүгінде Ресейдің Мәскеу қаласына экспортталуда. Ең бастысы – шаруалар өнімдерін ешқандай делдалсыз, тікелей сатып өткізіп отыр. Қазіргі таңда қауынның бір келісі егістік басында 650 теңгеден сатылуда. Бұл көрсеткіш диқан қауымы үшін тиімді баға саналады.

«Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаевтың айтуынша, биыл қауын сәл кештеу піскенімен, сұраныс жоғары деңгейде сақталған.

– Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу дайын болды. Дегенмен өнім сапасы жақсы, сұраныс та жоғары. Аудан әкімдігі тарапынан ағын су арналары уақытылы тазартылып, су тапшылығы болған жоқ. Соның арқасында егістікті тұрақты суарып, өнімді ойдағыдай өсірдік. Қазір алғашқы қауындарды Ресейге экспорттап жатырмыз. Өнімді ешқандай делдалсыз өзіміз тиеп, тікелей жөнелтудеміз, – дейді шаруашылық басшысы.

Айта кету керек, биыл аудан бойынша бақша дақылдары 17,1 мың гектар жерге орналастырылған. Оның ішінде 14,2 мың гектары қауын болса, шамамен 3 мың гектары қарбыз егістігіне тиесілі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бақша дақылдарының көлемі біршама артқанын көрсетеді.

Өткен жылы Жетісай ауданында 16,9 мың гектар алқапқа бақша өнімдері егілген болатын. Оның 13,9 мың гектарын қауын, 3 мың гектарын қарбыз құрады. Нәтижесінде аудан шаруалары жалпы көлемі 510 мың тоннадан астам бақша өнімін жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткізген еді.

Биыл да жетісайлық диқандар мол өнім алуға үмітті. Ауа райының қолайлы болуы, суармалы жүйелердің тұрақты жұмыс істеуі және заманауи агротехнологиялардың қолданылуы өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Ерте піскен қауындардың экспортқа шығарылуы ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Жетісай диқандарының қажырлы еңбегі нәтижесінде өңірдің бақша өнімдері тек ішкі нарықта ғана емес, шетелдік тұтынушылар арасында да сұранысқа ие болып келеді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласының дамуына, шаруалардың табысын арттыруға және аудан экономикасының нығаюына оң әсерін тигізуде.Жетісай ауданы еліміздегі бақша өнімдерін өндіретін жетекші өңірлердің бірі саналады. Ауданның табиғи-климаттық жағдайы, ұзақ күн сәулесі мен құнарлы топырағы қауын-қарбыз өсіруге өте қолайлы. Сондықтан жергілікті шаруалардың өнімдері жоғары сапасымен ерекшеленіп, Қазақстанның барлық өңірлеріне және көршілес мемлекеттердің нарықтарына тұрақты түрде жөнелтіледі.

Соңғы жылдары аудан шаруалары өнім көлемін арттырумен қатар, оның сапасын жақсартуға да ерекше көңіл бөліп келеді. Заманауи агротехнологияларды енгізу, сапалы тұқым сорттарын пайдалану және су үнемдеу технологияларын қолдану нәтижесінде бақша дақылдарының өнімділігі артып отыр. Бұл өз кезегінде экспорттық әлеуетті күшейтіп, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуда.

Мамандардың айтуынша, ерте піскен бақша өнімдеріне сыртқы нарықта сұраныс жоғары болады. Сондықтан жетісайлық шаруалардың өнімді маусымның алғашқы кезеңінде экспортқа шығаруы олардың табысын арттырып қана қоймай, өңірдің ауыл шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын да күшейтеді. Алдағы уақытта экспорт көлемін ұлғайту арқылы жаңа нарықтарға шығу жоспарланып отыр.

Бақша өнімдерін экспорттау тек шаруалардың әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, аудан экономикасына да оң әсер етеді. Өнім өндіру, оны сұрыптау, тасымалдау және экспорттау барысында көптеген тұрғындар маусымдық жұмыспен қамтылып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін берілуде.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *