19.04.2026
68307e7ad91e3

«Үздік мектеп – 2025» номинациясы табысталды. Жетісай ауданының мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. 23 мамырда еліміздің барлық өңірлеріндегідей Түркістан облысы, Жетісай ауданының мектептерінде де соңғы қоңырау соғылды. Салтанатты шараға орай Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш пен ел азаматтары, ата-аналар Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясында болып, түлектерді құттықтады. Мектеп директорына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың «Үздік мектеп – 2025» номинациясын табыс етті. Бүгінде аталмыш білім ұясында білім алған 2200 оқушының 69-ы –бітіруші түлектер, 182-сі негізгі орта білімді тәмамдағандар. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы тұрған 26 түлек «Алтын белгі», 10 түлек «Үздік аттестат» үміткерлері. Ал 9 сыныпты бітірушілердің 43-і үздіктер қатарынан көрінуге ниетті. Мектеп басшысы Шохан Нұрбековтың айтуынша 2004 – 2024 жылдар аралығында мектеп-гимназияны 1403 оқушы бітіріп, 100 пайыз ҰБТ сынағына қатысқан. Олардың 485-і «Алтын белгі», 258-і «Үздік аттестат» иегері атанды. 869 оқушы 100 балдан жоғары жинаса, 1067-сі мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орындарына түскен. Мың орындық аталмыш мектепте 88 сынып комплектісі бар. Оқушылардың теориялық білімдері мен тәжірибелерін ұштастыра білулері үшін арнайы физика, химия, биология, информатика, ағылшын тілі кабинеттері мультимедиялық құрылғылармен жабдықталып, мектепте кітапхана, спортзал мен асхана қарастырылған.

Айта кетсек,Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыс орталығында орналасқан №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясындағы соңғы қоңырау рәсіміне қатысып, жас түлектерге жылы лебізін білдірді.

«Аяқталғалы отырған оқу жылы өңір үшін де жемісті жыл болды. 2024-2025 оқу жылында 33 884 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның 2313-і – «Алтын белгіге» үміткерлер, 2400 оқушы жалпы орта білім беру туралы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 386 оқушы өтінім білдірген. – Сіздерді Оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын! Биыл Наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біздің басты күшіміз – адам және оның жасампаздық әлеуеті» деп айтқан болатын. Осы оқу жылында облыста білім саласында барлық білім алушылардың жағдайы үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Түркістан облысында биылғы оқу жылында жалпы 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алды. Облыс оқушылары әртүрлі республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, 12 алтын, 16 күміс, 27 қола медаль иеленді. Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан әр кезде терең білім алу жолында жалықпай, талмай, ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызды тілеймін», – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

2026-2028 жылдар аралығында Түркістан облысында 16100 орынды 53 мектеп салу жоспарлануда. Облыста биыл 100-ден мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес оқу жылы 34 аптаға жалғасты. Бүгін барлық 1-11 сынып оқушылары үшін «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізілді. Бұл оқушылардың жыл бойы алған білімін қорытындылап, отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған. Аяқталғалы отырған оқу жылы облыс үшін жемісті жыл болды. 2024-2025 оқу жылындағы қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану бағыттағы республикалық олимпиадаға қатысушы-командалардың сапалық рейтингі бойынша Түркістан облысы үздік үштікте.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың білім саласындағы 20 өлшемшарттан тұратын рейтинг көрсеткішінің нәтижесінде республика бойынша «Үздік 100 мектептің» қатарына Түркістан өңірінен 5 білім ордасы енді. Шара соңында мектептің үздік оқушылары арнайы марапатталып, өнерлі оқушылары патриоттық әндер орындалып, мың бұралған бишілер көременнің ыстық ықылысына бөледі.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *