Келес ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде аудан бойынша барлығы 83 елді мекен болса, соның 59-ы «көгілдір отынға» қосылған. Бұл жалпы қамтудың 71,1 пайызын құрайды.
Қалған 24 елді мекенге де табиғи газ тарту мәселесі кезеңімен шешілуде. Қазіргі уақытта 4 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Ұшқын ауылдық округіне қарасты Достық, Қоралас, Қошқарата округіндегі Ұшқын елді мекені және Бірлік округіндегі Бірлік елді мекені.
Сонымен қатар 9 елді мекенге магистральды газ құбырын тарту үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамалық оң қорытындысы алынған. Бұл елді мекендер қатарына Бірлік ауылдық округіндегі Жанатіршілік, Қосөткел, Үшағаш, сондай-ақ Ошақты округіндегі Бақшысай, Ынталы, Саттаров, Қаратал, Атақоныс және Жиделі ауылдары кіреді.
Аудан орталығы Абай ауылында табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Дегенмен, кейбір көшелер мен тұрғын үйлерде жіңішке диаметрлі газ құбырларын ауыстыру қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты жаңа жобалар әзірлеу мақсатында сәулет-жоспарлау тапсырмалары дайындалуда.
Айта кетск, жалпы Түркістан өңірінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен құрылыс сапасын қадағалау жұмысы күшейтілген. Әрбір нысан бақылауға алынған. Құрылыс сапасына қатысты кезекті жиын облыс орталығында өтті. Жиында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мердігерлермен кездесті. Көпқабатты тұрғын үйлердің өзекті мәселелері талқыланған кездесуге құрылыс, сәулет және құрылыс сапасын бақылау мамандары, сондай-ақ қала аумағында жұмыс атқарып жатқан бірқатар мердігер мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан түскен арыз – шағымдар мен аралау барысында анықталған кемшіліктер бойынша тұрғын үй құрылысы сапасына қатысты сын-ескертпелер айтылды. Атап айтқанда, «Дос и К сервис» ЖШС, «Ақ Нұр-строй» ЖШС, «Азим строй» ЖШС, «Саха – 2005» ЖШС, «Талап строй» ЖШС және «Ару – ТАМ» ЖШС сынды мердігер ұйымдардың нысандарына қатысты тиісті ұсыныстар беріліп, жауапты мамандар пікір алмасты.
Жақын арада мердігер мекемелер тарапынан пайдаланудағы тұрғын үйлердің кемшіліктері толық ретке келтіріліп, сапасын жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласында 420 көпқабатты тұрғын үй бар. Тұрғындар тарапынан түскен әрбір арыз-шағым жергілікті әкімдіктің жіті назарында.