19.04.2026
мектеп фо

Шымкент қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасына қойылатын талаптарды қатаң сақтау мәселесі ерекше бақылауға алынды. Қала әкімдігі мен білім басқармасы бірлесіп 2025–2026 оқу жылына арналған арнайы іс-жоспар бекітіп, мектеп формасын ұстануды жүйелі түрде бақылау шараларын күшейтуде.

Қазіргі жағдай және проблемалар

Қаладағы 62 жалпы орта білім беру мекемесінде (оның ішінде 44 мемлекеттік және 18 жекеменшік мектеп) жүргізілген мониторинг нәтижесінде 409 оқушының мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамайтыны анықталды. Ең көп кездесетін мәселе – орамал тағумен байланысты талаптардың бұзылуы болып отыр.

Бұл бағыттағы проблемаларды шешу үшін барлық мектептерде арнайы профилактикалық кеңестер құрылды. Кеңес құрамына мектеп әкімшілігі, білім басқармасы өкілдері, учаскелік полиция инспекторлары және теолог мамандар енген. Олар ата-аналармен және оқушылармен кездесіп, мектептегі ішкі тәртіп пен бірыңғай форма талаптарын түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде.

Тәртіпті қадағалау шаралары

Мектеп формасын сақтамай жүрген оқушылардың тізімі жасалып, олардың ата-аналары туралы мәліметтер жинақталды. Бұл оқушылар мектепішілік есепке алынып, олардың жағдайы тұрақты түрде бақылауда ұсталады.

Мәселен, 2021 жылы ашылған «Интеллект» физика-математикалық лицейінде бүгінде 659 оқушы білім алуда. Бұл білім ордасында барлық оқушылар мектеп формасына қойылатын талаптарды толық сақтауда, бұл – тәртіп пен ұжымдық рухтың үлгісі болып саналады.

Заңды жауапкершілік

Алдағы уақытта мектеп формасын сақтамаған оқушылардың ата-аналарына қатысты әкімшілік шаралар қолдану жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 409-бабы 2-тармағы негізге алынады. Ата-аналардың жауапкершілігін қарау үшін қажетті құжаттар Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жолданатын болады.

Өткен оқу жылында да мектеп формасына қатысты тәртіп бұзушылықтар көп байқалған. 2024–2025 оқу жылында қаладағы 74 мектепте 563 оқушы талаптарды орындамағаны анықталып, 326 ата-ана құжаттары құзырлы органдарға жіберілді. Нәтижесінде 90 әкімшілік іс қозғалып, 63 ата-анаға ескерту беріліп, 27 ата-анаға айыппұл салынды.

Мақсат – тәртіп пен әділдік

Маман-мектеп қызметкерлерінің айтуынша, атқарылып жатқан шаралардың басты мақсаты – жазалау емес, мектептегі бірыңғай тәртіпті қалыптастыру және барлық оқушылардың тең жағдайда білім алуын қамтамасыз ету. Бірыңғай форма балалар арасында әділеттілікті нығайтып, мектеп ұжымында тәртіп пен мәдениетті қалыптастырады.

Қала білім басқармасы алдағы уақытта да мектеп формасына қатысты талаптарды қатаң қадағалап, тәртіп бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра беретінін хабарлады.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *