Шымкент қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығында «Дені сау ұрпақ» тақырыбымен Ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында АИТВ инфекциясының алдын алу шараларын насихаттау, ерте анықтаудың маңыздылығын түсіндіру және халықты өз АИТВ статусын анықтауға ынталандыру болды.
Ашық есік күні аясында орталық мамандары тұрғындарға тегін медициналық кеңес пен экспресс-тестілеу жүргізді. АИТВ инфекциясы – өзекті қоғамдық денсаулық мәселелерінің бірі болғандықтан, бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Іс-шара нәтижелері төмендегідей:
-
70 адам экспресс-тестілеуден өтіп, өздерінің АИТВ статусын білді;
-
10 адам гинеколог дәрігерден кәсіби кеңес алды;
-
8 адам достастық кабинетіне жүгініп, психоәлеуметтік қолдау мен ақпараттық қызметтерге жүгінді.
Барлық сынамалар жасырын түрде қабылданып, қатысушылардың дербес ақпаратының құпиялығы толық сақталды. Бұл шара азаматтардың АИТВ инфекциясына қатысты ашықтықпен қарауына, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік берді.
Кешенді ақпараттық кеңес беру
Іс-шара барысында орталықтың гинекологтары мен достастық кабинетінің мамандары АИТВ-ның берілу жолдары, қауіпсіз мінез-құлық, репродуктивті денсаулық, жүктілік кезіндегі алдын алу шаралары және серіктестерді тексерудің маңызы жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, жастар арасында жиі кездесетін мифтер мен қате түсініктерге де түсініктеме берілді.
Мемлекеттік қолдау аясында тегін көмек
ЖИТС орталығы АИТВ-инфекциясын диагностикалау, емдеу және алдын алу шараларын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында жүзеге асыратынын еске салды. Бұл дегеніміз – кез келген азамат, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, ЖИТС орталығының қызметіне жүгініп, тегін тестілеуден өтіп, ем алуға құқылы.
Алдын алу – дені сау ұрпақтың кепілі
АИТВ инфекциясының алдын алу – тек жеке адамн
ың емес, бүкіл қоғамның денсаулығын қорғау жолындағы маңызды қадам. Осындай Ашық есік күндері халықтың ақпараттық сауаттылығын арттырып қана қоймай, денсаулыққа деген жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.
Шымкент қалалық ЖИТС орталығы болашақта да осындай ақпараттық-ағарту жұмыстарын жалғастыра бермек. Мамандардың айтуынша, жұқпалы инфекциялардың алдын алу мен ерте анықтау арқылы ғана ұлттың денсаулығын сақтап қалуға болады.