19.04.2026
WhatsApp Image 2025-10-04 at 19.46.44

Халық денсаулығы – ел дамуының басты кепілі. Осы ұстанымды негізге ала отырып, Шымкент қаласында «Ашық есік күні» акциясы ұйымдастырылды. Қаланың әртүрлі ірі қоғамдық орындарында өткізілген бұл шара аясында жүздеген тұрғын тегін медициналық кеңес алып, денсаулық жағдайын тексеруге мүмкіндік алды.

Акцияны ұйымдастырушы – «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалы. Шараның басты мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, тұрғындарды аурудың ерте белгілері бойынша дер кезінде тексеруден өткізу және МӘМС жүйесі туралы жан-жақты ақпарат беру.

Дәрігерлер халық арасына шықты
Шымкенттегі №1, №3 және №9 емханалардың үздік мамандары – кардиолог, педиатр, офтальмолог, невропатолог, жалпы тәжірибелік дәрігерлер – қала тұрғындарын келесі локацияларда қабылдады:

«Орталық» саябақ

«Бекжан» автобекеті

«Бақыт» сауда орталығы

Мұндай ашық алаңдарда қабылдау ұйымдастыру – әр тұрғынға өз денсаулығы туралы тегін әрі қолжетімді кеңес алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, егде жастағы адамдар мен жүкті әйелдер, созылмалы дерттері бар азаматтар дәрігерлермен тікелей жүздесіп, қажет болған жағдайда әрі қарай тексерілуге жолдама алды.

Ерте анықтау – өмірді құтқарады
Шара барысында бірқатар жасырын және созылмалы ауру белгілері ерте сатысында анықталды. Мысалы, 50 жастағы қала тұрғынының қан қысымы мен қанындағы қант мөлшері өте жоғары екені белгілі болды. Егер уақытында анықталмаса, бұл жағдай инсульт немесе инфарктке әкелуі мүмкін еді. Алайда, акция аясында көрсетілген жедел көмектің арқасында азаматқа шұғыл емдік шаралар белгіленіп, учаскелік дәрігерге бағыттама берілді.

ӘМСҚ: Жаңа мүмкіндіктер – жаңа заңдық өзгерістермен
«Ашық есік күні» барысында тек медициналық тексеру ғана емес, сонымен бірге тұрғындар МӘМС жүйесіндегі жаңалықтар мен заңнамалық өзгерістер туралы да ақпарат алды.

Ахмет Беден, ӘМСҚ Шымкент қалалық филиалының халықты ақпараттандыру және арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы:

— Медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көрсетілетін көмектің ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Кейде азаматтар ауруының белгілерін байқамай жүріп, кеш емделуге жүгінеді. Ал мұндай акциялар – алдын алу шараларын күшейтудің тиімді тетігі. Біз бұл тәжірибені тұрақты түрде жалғастырамыз.

МӘМС жүйесінде не өзгереді?
Жаңа өзгерістерге сәйкес:

2026 жылдан бастап онкоскринингтер (жатыр мойны, сүт безі, тоқ ішек қатерлі ісіктері) ТМККК шеңберіне өтеді – яғни, сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады.

Бұрын тек туберкулез бен АИТВ инфекциясы бойынша тексерулер тегін жүргізілсе, енді оған келесі ауру түрлері де қосылады:

Созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы

Психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар

Орфандық (сирек кездесетін) аурулар

Жедел миокард инфаркті, инсульт жағдайлары

Бұл диагноздарға күдік туындаған жағдайда, азаматтар тегін кеңес пен диагностикалық қызмет ала алады.

«Ашық есік күні» сияқты шаралар – халықтың медицинаға деген сенімін арттырады. Сонымен қатар, аурудың алдын алу – емделуден әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз екенін көрсетеді. Ал МӘМС жүйесінің арқасында әрбір азамат сапалы медициналық қызметті қолжетімді бағамен емес, тегін ала алады.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көшпелі акциялар апталық негізде қала мен ауылдық аймақтарда жалғасын табады.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *