Бүгін Алматы қаласында медицина саласының маңызды шарасы – «KazONCO: Торакоабдоминал онкологияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік форум өз жұмысын бастады. Аталмыш конференция «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» 65 жылдық мерейтойына арналды. Екі күнге жоспарланған шара еліміздегі және шетелдегі жетекші онколог дәрігерлерді, хирургтарды, ғылыми және медициналық ұйым өкілдерін біріктіріп отыр.
Форумның басты тақырыбы – кеуде және құрсақ қуысы ағзаларының қатерлі ісіктерін анықтау мен емдеудің заманауи тәсілдері. Конференция барысында тәжірибе алмасу, инновациялық әдістерді таныстыру, клиникалық зерттеулерді талқылау және онкологиялық көмекті жетілдіру мәселелері көтерілді.
Шымкент онкология орталығының жұмысына жоғары баға берілді
Шара аясында өткен онкологиялық қызмет бойынша сараптамалық отырыста еліміздің әр өңірінен келген медициналық ұйымдардың атқарған жұмыстары талқыланды. Бұл жиында Шымкент қалалық онкологиялық орталығы бар көпбейінді аурухананың директоры Жомарт Орынбасарұлы Мәуленов сегіз ай ішінде жүзеге асырылған кешенді шаралар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы мазмұнды баяндама жасады.
Жомарт Мәуленов өз сөзінде Шымкентте онкологиялық көмек сапасын арттыру мақсатында қолға алынған ерте диагностикалау, скринингтік бағдарламаларды кеңейту, хирургиялық көмекке қолжетімділікті арттыру, паллиативтік қолдау қызметін дамыту сияқты негізгі бағыттарды атап өтті.
«Онкологиялық қызмет жүйелі, жоспарлы түрде дамып келеді. Қабылданған шаралар науқастардың өмір сүру ұзақтығын арттырып, асқыну көрсеткіштерін төмендетуге септігін тигізуде», – деді Ж.О.Мәуленов.
Шымкент қаласындағы динамикалық көрсеткіштер мен жетістіктер конференция қатысушылары тарапынан жоғары бағаланды, бұл мегаполис деңгейінде көрсетілетін онкологиялық көмектің сапалы ұйымдастырылғанын көрсетті.
Шымкенттік дәрігердің баяндамасы ғылыми қызығушылық тудырды
Форум аясында өткен ғылыми сессияда Шымкент қалалық онкологиялық орталығы бар көпбейінді аурухананың директорының орынбасары Сәкен Тұрсынұлы Исмаилов өңештің қатерлі ісігін хирургиялық емдеудің заманауи әдістері туралы баяндамасын ұсынды.
Орталықта енгізіліп жатқан жаңа технологиялар мен инновациялық тәсілдерге негізделген баяндама форум қатысушылары арасында ерекше қызығушылық туғызып, кәсіби пікір алмасулар мен терең ғылыми талқылауға себеп болды.
«Өңеш обырын емдеуде минималды инвазивті әдістерді қолдану арқылы науқастың оңалу мерзімін қысқарту және операциядан кейінгі асқынуларды азайту – біздің басты мақсатымыз. Бұл бағытта орталық үлкен тәжірибе жинақтап келеді», – деді С.Т. Исмаилов.
«KazONCO» халықаралық форумы – онкология саласындағы соңғы жаңалықтармен танысып, үздік тәжірибелерді талқылайтын бірегей алаң. Шымкент қаласының медицина саласы өкілдерінің бұл шараға белсенді қатысуы – өңірдегі онкологиялық қызметтің қарқынды дамып келе жатқанының көрінісі.
Шымкент онкологиялық орталығының заманауи әдістерді енгізуі, нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыстары ел көлемінде мойындалып, онкологиялық көмекті дамытудың үлгілі моделі ретінде ұсынылуда.