19.04.2026
1

Шымкент қаласындағы «Асем Медикал» медициналық орталығында инфекциялық аурулардың алдын алу және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқу-әдістемелік семинар өтті. Бұл шара Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып, оны «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы» мамандары жүргізді.

Семинар барысында медицина қызметкерлеріне АИТВ инфекциясы бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік-құқықтық құжаттары мен бұйрықтары, атап айтқанда, ҚР ДСМ №303/2020 бұйрығының талаптары түсіндірілді. Аталған құжат денсаулық сақтау мамандарына қосымша және бейресми білім беру ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптарын нақтылайды. Сонымен қатар, алынған білім нәтижелерін тану ережелері де назарға ұсынылды.

«Асем Медикал» орталығының қызметкерлеріне АИТВ инфекциясының алдын алу мен оны ерте кезеңде диагностикалау, қауіпсіз жұмыс принциптері, сондай-ақ осы бағыттағы профилактикалық шаралардың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.

Семинар аясында келесі тақырыптар қамтылды:

  • АИТВ, мерез және С гепатитінің анадан балаға берілуінің алдын алу жолдары
    Мамандар ана мен бала денсаулығын қорғау үшін жүктілік кезеңіндегі АИТВ-ға қарсы тексерулердің маңызын атап өтті.

  • АӨА (адамның өмір сүру ағымы) және ХНТ (халықтың негізгі топтары) арасындағы стигма мен кемсітушілікті жою
    Медициналық қызметкерлерге инфекциялық аурулармен өмір сүретін адамдарға қатысты этикалық және тең құқықты көзқарасты қалыптастыру жайы түсіндірілді.

  • АИТВ инфекциясын диагностикалау, емдеу және оның біріктірілген аурулармен байланысы
    АИТВ инфекциясы жиі өзге де жұқпалы немесе созылмалы аурулармен қатар жүретін болғандықтан, кешенді емдеу мен бақылаудың маңыздылығы сөз болды.

Сонымен қатар, қатысушыларға көрнекі материалдар ұсынылып, нақты клиникалық жағдайлар арқылы тәжірибе алмасу жүргізілді. Семинар интерактивті форматта өтті, медициналық қызметкерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, мамандарға көкейкесті сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды.

Оқу-әдістемелік көмек көрсету шарасы медицина қызметкерлерінің АИТВ инфекциясы бойынша білімін жетілдіруге, кәсіби машықтарын нығайтуға және науқастарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Шара соңында қатысушыларға оқу курсының нәтижелері бойынша әдістемелік ұсынымдар мен нұсқаулықтар таратылып, алдағы жұмыста қолдануға мүмкіндік берілді.

Мұндай іс-шаралар Шымкент қаласында АИТВ инфекциясының алдын алу, ерте анықтау және тиімді ем жүргізу жүйесін жетілдіруге елеулі үлес қосады. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің арасында стигма мен кемсітушілікке жол бермеу арқылы, науқастардың құқықтары мен өмір сүру сапасын қорғауға мүмкіндік береді.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *