19.04.2026
_gluster_2025_5_10_d4e64a13637ee9d41a6ca0929178c454_1280x720

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде: «Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз» деп атап өтті. Бұл мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласына ерекше мән беріп отырғанын көрсетеді. Осы бағытта еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде Шымкент қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Елімізде əр жылы маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Дегенмен денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашанда дайын тұратын дəрігерлерді əрдайым дəріптеуіміз керек.

Білікті дәрігерлер мен еңбекқор медбикелердің, жалпы, барлық медицина қызметкерлерінің табандылығы мен қажыр-қайратының арқасында Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласының дамуында жақсы динамика байқалады. Нақтырақ айтар болсақ, қалалық денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша өмір сүру ұзақтығы 2023 жылмен салыстырғанда 0,9 жылға ұлғайып, 77,22 жасты құрады. Шымкент қаласында жалпы өлім көрсеткіші – 9 пайызға, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім – 2,4 пайызға, туберкулезден – 77 пайызға, жарақаттан болатын өлім-жітім – 13 пайызға азайды. Биыл 4 айда Шымкент қаласында ана өлімі тіркелген жоқ. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нәресте өлімі көрсеткішінің 32 пайызға төмендеуі байқалды. Осының барлығы медицина қызметкерлерінің тынымсыз жұмысының нәтижесі екені анық.

Жалпы, үшінші мегаполистің денсаулық сақтау саласында жағымды жаңалықтар аз емес. Мәселен, жақында қалалық №6 емханада «Даму және ерте араласу» орталығы ашылды. Емхананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаеваның айтуынша, орталықтың басты мақсаты — балалардың ерте даму кезеңінде пайда болатын ауытқуларды уақтылы анықтап, жан-жақты және сапалы көмек көрсету. Орталық құрамында аймақтық дәрігер, педиатр, невропатолог, психолог, әлеуметтік қызметкер, патронаждық мейіргерлер және басқа да бейінді мамандар жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде орталықтың балалардың физикалық және психологиялық дамуын жан-жақты қадағалауына мүмкіндік береді. Мұнда патронажды сүйемелдеу кабинеттері, баланың даму кабинеті, аудиологиялық және психофизикалық скрининг кабинеттері орналасқан. Сонымен қатар, жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларды прогрессивті-әмбебап патронаж моделі бойынша бақылау жүзеге асырылады.

Айта кету керек, орталық базасында GPS-навигация жүйесі іске қосылған. Бұл технология патронаждық мейіргерлердің жұмысын оңтайландырып, 5 жасқа дейінгі балалардың даму мониторингін сапалы жүргізуге жол ашты. Емхана жанында ашылған «Шұғыл медициналық көмек бөлімі» де шұғыл жағдайларда білікті көмек көрсетуді қамтамасыз етуде.

Соңғы жылдары Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының жұмысында да көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Аурухананың қабылдау бөлімшесі мен жарақат бекетінің жұмысы, сондай-ақ, стационарлық қызмет көрсетудің сапалық көрсеткіштері жақсарған. Аурухананың мәліметінше, жыл сайын қабылдау бөлімшесіне орта есеппен 121 мың пациент жүгінеді. Оның ішінде 20 мың науқас стационарлық ем алады, ал, 5500-ге жуық балаға хирургиялық операциялар жасалады. Бұл көрсеткіштер — қаладағы балалар денсаулығын қорғау бағытында ауқымды жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айқын көрсетеді. Аурухана басшылығы сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған жаңарту жоспарларымен бөлісіп, кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру қажеттілігін атап өтті.

 

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *