19.04.2026
L_height

Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласы жүйелі түрде дамып келеді. Бұл өзгерістердің нақты көрінісі – тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелердің жұмыс сапасы мен қолжетімділігінің артуы. Осы орайда өткен баспасөз туры барысында журналистер қалалық №13 емхананың тыныс-тіршілігімен танысты. Емханадағы жаңашылдықтар, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің кеңеюі және мамандардың кәсіби біліктілігі бүгінде мегаполис тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар екендігіне көз жеткізді.

Алғашқы медициналық көмектің маңызы артып келеді
1963 жылдан бері халыққа қызмет етіп келе жатқан №13 қалалық емханада бүгінде 46 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Оның ішінде 7762-сі жасөспірімдер, 3855-і балалар, ал 34 328-і — ересек азаматтар. Мұндағы жұмыс жүйесін 362 қызметкер атқарады. Олардың қатарында 101 дәрігер, 200 орта буын медицина маманы, 36 кіші қызметкер және 25 әкімшілік-шаруашылық бөлім қызметкері бар.

Емхана 7 бөлімшеден тұрады және әрқайсысы нақты аймақтар бойынша қызмет көрсетеді. Айталық, бір терапиялық аймаққа шамамен 1700 адам, ал педиатриялық аймаққа 500 балаға дейін тіркелген. Мұндай модель пациенттерге дер кезінде әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Баланы ерте тексеру – дерттің алдын алу
Емхананың педиатрия бөлімінің жұмысы да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қазіргі таңда 0 жастан 6 жасқа дейінгі 4135 бала тіркеуде тұр. Оның ішінде 75 бала ерекше күтімді қажет етеді. Бұл балалар кешенді емдік-сауықтыру шараларымен толық қамтылған.

Айта кетерлік тағы бір маңызды жоба – емханада ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №11 бұйрығына сәйкес құрылған «Дамыту және ерте араласу орталығы». Бұл орталықтың басты мақсаты – дамуында ауытқушылық бар балаларды ерте анықтап, олардың мүмкіндіктерін арттыру. Мұнда педиатрлар мен мейірбикелердің патронаждық қызметі үздіксіз жүргізіледі. Сонымен қатар, аудиоскрининг кабинеті арқылы есту қабілетінің бұзылуын ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі бар.

Жабдықтар жаңарды, қызмет сапасы артты
Диагностикалық және зертханалық бөлім заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Эндоскопист, рентгенолог, психолог, әлеуметтік қызметкерлер тұрғындарды қабылдап, қажетті медициналық және психоәлеуметтік көмек көрсетеді. Емхана тұрғындарды қабылдаумен қатар, МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтардың үлесін азайту үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

МӘМС – тиімді жүйе екенін дәлелдеді
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Шымкент қаласы бойынша ОСМС (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілетін қызметтердің саны да, сапасы да едәуір артты. Бұл – жоғары технологиялық оталардың кеңінен енгізілуі мен емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасының күшеюінің нәтижесі. №13 емхана да осы үрдістен қалыс қалып отырған жоқ – алғашқы медициналық көмектің сапалы ұйымдастырылуы ауруларды ерте кезеңде анықтауға, уақытылы ем жүргізуге және халықтың жалпы денсаулығын нығайтуға зор үлес қосып отыр.

Шымкенттегі №13 қалалық емхананың тәжірибесі – алғашқы медициналық көмектің тиімді ұйымдастырылуы мен жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Емхана ұжымы кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп, заманауи тәсілдерді енгізу арқылы халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет ұсынуда. Бұл – қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жолындағы нақты әрі нәтижелі қадам.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *