19.04.2026
WhatsApp Image 2025-10-04 at 19.24.12

Шымкент қаласына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелері арнайы жұмыс сапарымен келді. Іссапардың негізгі мақсаты – өңірдегі әлеуметтік-демографиялық жағдаймен, әсіресе әйелдер мен жастарға бағытталған медициналық және психологиялық қызметтерді ұйымдастыру барысымен танысу.

Сапар аясында делегация мүшелері Шымкент қалалық №6 емхана жанындағы “Әл-Фараби” Жастар денсаулық орталығының қызметімен танысты. Қонақтарды емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ұлбала Ерғалиқызы қарсы алып, орталықтың құрылымы мен қызмет бағыттары туралы кеңінен баяндады.

Жастар денсаулығына кешенді көзқарас
“Әл-Фараби” Жастар денсаулық орталығы — жасөспірімдер мен жастарға арналған кешенді медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсететін бірегей орталықтардың бірі. Мұнда 10-24 жас аралығындағы азаматтарға: Жыныстық-жас ерекшеліктеріне сай медициналық көмек, Психологиялық кеңес беру, Әлеуметтік қолдау көрсету қызметтері ұсынылады.

Ұлбала Ерғалиқызының айтуынша, орталықта жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау, ерте жүктіліктің алдын алу, зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету, сондай-ақ білім беру ұйымдарымен өзара байланыс орнату сынды маңызды бағыттар қамтылған.

Ұлттық деңгейде үлгі боларлық орталық
Бүгінгі таңда республика көлемінде 85 Жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Солардың 9-ы Шымкент қаласында орналасқан. Алайда олардың ішінде №6 қалалық емхана жанындағы орталықтың жұмысы тиімділігімен және жаңашылдығымен ерекшеленеді. Мұндағы тәжірибе басқа өңірлер үшін де үлгі ретінде ұсынылуы мүмкін.

Ұлттық комиссия мүшелері орталық қызметінің нәтижелілігін жоғары бағалап, жастар денсаулығын нығайтуға бағытталған мұндай бастамалардың елдік маңызы зор екенін атап өтті.

Қоғамның дамуы жастардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Осы бағытта жұмыс істейтін Жастар денсаулық орталықтары еліміздің болашағына қосылатын маңызды үлес екені даусыз. Мұндай орталықтар тек медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, жастардың тұлғалық дамуына, өз-өзін бағалауына, дұрыс таңдау жасауына сеп болуда.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның бастамасымен ұйымдастырылды.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *