19.04.2026
Құдық (2)
Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылдық округінде 3207 гектар егістік алқап бар. Биылғы вегетациялық кезеңде ағын судың тапшылығы сезіліп, Түркістан магистральды каналынан келетін су көлемі азайып кеткен. Осыған байланысты ауыл әкімдігінің бастамасымен және аудан әкімдігінің қолдауымен егістік жерлерді сумен қамтамасыз ету мақсатында құдық қазу жұмыстары басталды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Қарашық ауылдық округіне арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жергілікті шаруалармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Құдықтар арқылы судың тұрақты жеткізілуі егіннің шығымдылығына тікелей әсер ететінін айтқан аудан әкімі мәселені ұдайы бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Қазіргі таңда құдық қазу жұмыстарына 1 дана ЛК техникасы мен 1 экскаватор жұмылдырылған. Жоспарға сәйкес, әрбір құдық егістік алқапқа нақты су қажеттілігіне қарай қазылуда. Бұл – судың тоқтап қалған кезеңдерінде шаруалардың өнімін сақтап қалуға бағытталған тиімді шешім.
Аудан әкімінің айтуынша, алдағы уақытта басқа да ауылдық округтердегі су тапшылығы мәселелерін шешу үшін балама тетіктер қарастырылып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Жалпы, Түркістан облысында ағын су тапшылығын төмендету мақсатында егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жаңбырлатып және тамшылатын суару машиналарын шығаратын зауыттар іске қосылуда. Бұған дейін облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі егістік алқаптарға су үнемдеу технологиялары ендіру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта облыс аудандарында тиісті жұмыстар атқарылып, бақша және көкөніс егілетін 12 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі енгізілуде. Бұдан бөлек, 50 гектар жерге су үнемдеу технологиялары қолданылуда. Бұл жүйе су үнемдеуге, өнімділікті арттыруға, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *