19.04.2026
Өндіріс

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауыл округінде бой көтеріп жатқан жаңа өндіріс аймағына арнайы барып, құрылыс барысымен танысты. Жоба аясында 18 гектар жер теліміне 37 өндірістік жоба орналастырылмақ. Олардың қатарында жиһаз өндіретін кәсіпорын өз құрылыс жұмыстарын бастады.

Аудан басшысы кәсіпкермен жүздесіп, өндірісті дамыту жолындағы кедергілер мен қажеттіліктерді талқылады. Әкімдік тарапынан инфрақұрылым тарту, құжаттарды рәсімдеу мен рұқсат беруді жеңілдету бойынша жан-жақты қолдау көрсетілетіні айтылды. Су, жарық және жол секілді негізгі жүйелер кезең-кезеңімен тартылады деді аудан басшысы.

Бұл аймақтың ашылуы жүздеген жұмыс орнын құрады. Жергілікті өніммен ішкі нарықты қамтамасыз етеді. Халықтың табысын арттырып, ауданның салық базасын кеңейтеді.

«Шағын және орта бизнесті дамыту – біздің басты мақсатымыз. Үшқайықтағы өндірістік аймақ – ауданның индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.

Жалпы, Түркістан облысындағы өндіріс саласының «өркендеу дәуірі», экономиканың қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарқынды дамуы мен инвестиция тартудағы табысты қадамдары еліміздің өзге өңірлерінің қызығушылығын арттыруда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан өңіріне инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Жуырда өңірдегі өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстардың барысымен танысу үшін Ақтөбе облысының арнайы делегациясы Түркістан облысына іс-сапармен келді. Басты мақсат – жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысу және тәжірибе алмасу. Өзара кеңесіп, үздік тәжірибелерді бөлісу.

Айта кетейік, Түркістан облысында биылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен облыс экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы сақталды. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 117,5%-ды құрап, бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада 2-орынға шықты.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *