19.04.2026
Аппарат (3)

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті апталық аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, мемлекеттік мекеме жетекшілері мен жауапты мамандар қатысты.

Күн тәртібінде бес өзекті мәселе қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Ғани Әметбеков оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады. Ол оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану, жазғы сауықтыру лагерлерін ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бағытындағы жоспарлармен таныстырды. Жауапты мамандардың айтуынша, мамыр айында оқу жылы аяқталған соң оқушылардың жазғы уақытын тиімді өткізуге назар аударылып, жоспар бойынша тиісті жұмыс атқарылады. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары басты назарда болады.

Ал аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мұхтар Қуанышбаев шомылу маусымының басталуына байланысты судағы қауіпсіздік шаралары туралы мәлімдеді. Су айдындарында қауіпсіздікті сақтау, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу және шомылуға тыйым салынған аумақтарды бақылауда ұстау мәселелеріне тоқталды. Қазіргі таңда күн ысуына байланысты, жергілікті тұрғындар, әсіресе, балалар суға шомылуға қызығушылық танытатыны жасырын емес. Сондықтан, қауіпсіздік мәселесі басты назарда болмақ. Тұрғындар арасында судағы қауіпсіздік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Үшінші мәселе – «Сауран-су» мемлекеттік коммуналды кәсіпорнының қарызы туралы. Мекеме басшысы Мұхит Пірімбетов қаржылық жағдайды тұрақтандыру мен қарыздарды өтеу бағытында атқарылып жатқан шараларды баяндады.

Одан кейін «Сауран Газ» КММ басшысы Кенжебай Жақсылықов аудандағы газдандыру жұмыстарының барысы, мекеме тарапынан іске асырылып жатқан жобалар мен өзекті мәселелер жөнінде хабарлады.

Жиын соңында «Таза Қазақстан» акциясының Сауран ауданы аумағында жүзеге асырылу барысы талқыланды. Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Қанағат санитарлық тазалық, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары мен экологиялық іс-шаралардың жай-күйі туралы ақпарат берді.

Мәжіліс соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, қаралған мәселелердің орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *