Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, тапсырмалар тізімін айтты.
«Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған орай еліміздің барлық өңірінде Президент тапсырмасын орындауға байланысты іс-шаралар жүзеге асыруда.
Соның бірі – 17-18 мамыр күндері Сауран ауданы, Шаға ауылдық округінде 16-17 жасар жасөспірімдер арасында футболдан облыстық ашық біріншілік өтті. Сайыс Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды.
Жарыстың басты мақсаты жас буын өкілдеріне патриоттық рух беру, салауатты өмір салтын дәріптеу және ауданаралық ынтымақтастықты арттыру болды. Тартысты өткен додада өңірдің әр түкпірінен келген командалар жоғары деңгейдегі ойын үлгісін көрсетті.
Жарыс нәтижесі бойынша Сарыағаш ауданының командасы – І орынды, Түркістан қаласының командасы – ІІ орынды, ал Сауран ауданының командасы ІІІ орынды иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды.