Сауран ауданының әкімі мен аудан прокуроры жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
“Біз балаларымыздың жарқын болашағы үшін әрдайым қолдау көрсетіп, олардың бақытты балалық шағын қамтамасыз етуге күш саламыз. Бұл іс-шарада балаларымыз ұлттық құндылықтарымызды сезініп, мерекелік көңіл күйге бөленуде. Олардың жүзіндегі қуаныш – біз үшін ең үлкен сый”, – деді аудан әкімі.
Оқушыларды аудан прокуроры Алмаз Асылбеков те құттықтады.
“Мереке қарсаңында балаларға қуаныш сыйлау, олардың көңілін көтеріп, жақсы әсер қалдыру – біздің басты мақсатымыз. Өйткені, балалардың жүзіндегі күлкі мен бақыт – біз үшін баға жетпес сыйлық. Осы ұйымдастырылған іс-шара да осы игі мақсатқа бағытталды”, – деп атап өтті аудан прокуроры.
Мерекелік жиын аясында балаларға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, оларға арнайы сыйлықтар тарту етілді. Кешке жиналған бүлдіршіндер көңілді әндер мен билерді тамашалап, ерекше әсер алды.