19.04.2026
Сауран (1)
Түркістан облысына қарасты Арыс қаласы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Түлкібас және Төлеби, Бәйдібек аудандарының әкімдері, сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармалары мен бөлімдерінің басшылары, ауыл округтерінің әкімдері Сауран ауданына арнайы іс-сапармен келді. Мұндағы басты мақсат өңірлік кәсіпкерлікті дамытудың тиімді тәжірибелерімен танысу, индустриялық жобалардың жүзеге асу барысын көзбен көру, нысандарды аралап, тәжірибе алмасу болатын.
Қонақтар сапар барысында алдымен Шаға ауыл округіндегі өндірістік паркті аралап көрді. Бұл өндірістік аймақта бүгінде бірқатар ірі жоба іске асырылып жатыр.
Мәселен, ауыл шаруашылығына арналған тамшылатып суару жүйелері мен тіркемелі техникалар шығаратын «BNK GROUP LTD» ЖШС жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және басқа да елдерге экспорттауды көздейді. Сол аумақта орналасқан тағы бір кәсіпорын — «Aqniet Holding» ЖШС мектеп, кеңсе және медициналық жиһаз өндірісімен айналысады.
Делегация Иассы ауыл округіне қарасты Еңбекші Дихан елдімекенінде орналасқан өндірістік аймақты да аралап, ондағы жобалармен танысты. Бұл аумақта 9 гектар жерге 24 жобаны орналастыру жоспарланған. Солардың бірі — «AR Group LLP» ЖШС-де клинкер қасбеттік плиткалар өндірісін жолға қойған. Өнімдер құрылыс саласына қажет сапалы материалдар қатарын толықтырып отыр.
Делегация келесі кезекте Қарашық ауылындағы 10 гектарлық өндірістік аймақты аралап шықты. Мұнда жалпы 20 жобаны жүзеге асыру көзделген болса, қазіргі таңда 12 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Сонымен қатар, Жүйнек ауыл округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын, «Asia Brand» ЖШС корпустық жиһаз, «DIVALUX» ЖШС жұмсақ жиһаз өндіретін кәсіпорындар да араланып, жұмыс барысы таныстырылды.
Сауран ауданында өндірістік аймақтарды дамыту — өңір экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашудың нақты тетігі.
Аудан және қала әкімдерінің бұл сапары өндірістік нысандарды аралап көру, тәжірибе алмасу арқылы өзара ынтымақтастықты нығайтуға және басқа өңірлерде де осы секілді жобаларды жүзеге асыруға тың серпін берері анық.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *