19.04.2026
13131313

Шымкент қаласында ана мен бала денсаулығын сақтау мақсатында жүргізіліп жатқан шаралар аясында, жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестерін АИТВ-инфекциясына уақытылы тексерудің маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.

2025 жылдың қыркүйек айында, Шымкент қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық мамандары 8 айдың қорытындысы бойынша АИТВ-ға тексеру көрсеткіштері төмен 3 мемлекеттік және 15 жекеменшік медициналық ұйымға барып, мақсатты семинарлар мен әдістемелік кеңес өткізді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығына сәйкес, АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуін болдырмау үшін жүкті әйелдер екі мәрте (жүктілік анықталған кезде және 28-30 апталар аралығында), ал олардың жыныстық серіктестері – бір рет (жүкті әйел есепке алынған сәтте) міндетті түрде тексерілуі тиіс.

Алайда, Шымкент қаласындағы кейбір емдеу мекемелерінде бұл талаптар толық орындалмай отырғаны байқалған. Осыған байланысты ЖИТС орталығының мамандары жұмыс орнына барып, медицина қызметкерлеріне АИТВ-инфекциясына тестілеуді ұйымдастыру, құжаттарға деректерді енгізу және нормативтік-құқықтық құжаттарды дұрыс қолдану бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Семинар барысында қандай мәселелер қозғалды?
Іс-шаралар барысында мамандар:

Шымкент қаласы бойынша АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық ахуалын;

Жүкті әйелдерді есепке алу кезінде АИТВ-ға тестілеу тәртібін;

Жыныстық серіктестерін міндетті тексеру механизмдерін;

Айырбастау картасына енгізілетін деректердің толықтығы мен дұрыстығы талаптарын;

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының рөлін кеңінен түсіндірді.

Бұл ақпарат медицина қызметкерлерінің тәжірибелік деңгейін арттырумен қатар, ана мен бала денсаулығына тікелей әсер ететін шараларды сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Семинарға қатысқан «Sunkar Premium» ЖШС медициналық орталығының эпидемиолог дәрігері С. Назарметова өзінің оң пікірін білдірді:

«Біз жүкті әйелдермен жақсы жұмыс жүргізіп келеміз. Бірақ серіктестерді қамтуда әлі де қиындықтар болатын. Енді тексеру тәртібі, құжат жүргізу және бұйрық талаптары толық түсінікті болды. Бұл өте пайдалы болды. Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз!»

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар АИТВ-ға тестілеудің маңыздылығын, құқықтық регламенттерді, әрі талаптарды нақты меңгерді. Бұл өз кезегінде жүкті әйелдер мен жаңа өмірге қадам басқалы отырған сәбилердің денсаулығын қорғаудағы жұмыстың сапасын арттыруға ықпал етеді.

Шымкент қалалық ЖИТС орталығы алдағы уақытта да медициналық ұйымдармен бірлесе отырып, АИТВ-ның анадан балаға берілуінің толық алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды жалғастыра бермек.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *